RU

Iшкi iстер министрi Астанадағы "Артем" базарында болған жаппай төбелеске қатысты түсініктеме берді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов елордадағы «Астаналық» базарының жанындағы жаппай тәртiпсiздiкке қатысты түсiнiктеме бердi, деп хабарлайды BNews.kz.

«Астаналық» базарының жанында болған оқиғаға қатысты айтар болсам, ия, расында ол жақта тәртiпсiздiк орын алды және бұл жайында интернет арқылы түрлi ақпараттардың таралуы салдарынан ол тек Астана тұрғындарының ғана емес, Қазақстан халқының назарын аударды. Оқиғаның туындауына басты себепкер - 1985 жылы туған Л.Баймолданова. Ол екiншi топтағы мүгедек және мүгедектiк туралы анықтаманы өткен жылы алған. Үш баласы бар. Ажырасқан, Алматы маңындағы Қалқаман елдi мекенiнде тұрады. Ол қайыр сұраумен айналысады екен және өз балаларын да осы iске үйретіп жүрген", - дейді ол.

Министр аталмыш оқиғаға қатысы бар барлық адамдардың жазаға тартылатынан да атап өтті.

«Қайыр сұрау, азаматтардың мазасын алу» бабы бойынша Алматыда үш рет жауапқа тартылған. Кәмелет жасына толмаған баласы бар Өзбекстан азаматшасымен бiрге тіленшілікпен айналысу үшiн Алматыдан келіп, кешке қарай аталған сауда үйiне кірмек болады. Әрине, қауiпсiздiк қызметi оларды iшке кiргiзбейдi. Сол кезде әйел шу көтерiп, айқайға басып, халық назарын өзiне аударған. Салдарынан осындай оқиға орын алып, полиция келiп жетедi. Осы фактi бойынша бiз үш қылмыстық iстi тергеудемiз: бiрiншiсi – «Астаналық» базарының қауiпсiздiк қызметiне қатысты, олардың өз қызметтiк лауазымын асыра пайдалануы бойынша; екiншiсi – бұл осы әйел шығарған шудың салдарынан қауiпсiздiк қызметi қызметкерлерiне дене жарақатын салмақ болғандарға қатысты, жалпы саны 18 адам ұсталды; үшiншiсi – аталған азаматшаның өзiне қатысты», - дедi Қасымов.

Ол сондай-ақ, айтарлықтай дене жарақатын алғандар жоқ екенін, мүлiкке зиян келмегенін және базар қалыпты тәртiпте жұмыс iстеп жатқанын атап өттi.

«Сонымен қатар, осы күнi интернетте екi түрлi ақпарат жүр. Бiрi «әйел адамды итерiп құлатты, машина оны және баласын басып өттi, олар көз жұмды, мен куәгермiн» деген хабарлама. Бұл жалған ақпаратты таратқан адамның жеке тұлғасын анықтадық. Ол мас күйде болған. Бiз бұл азаматты да қылмыстық жауапкершiлiкке тартатын боламыз. Екiншiсi, ұлт мәселесiне қатысты. Онда «күзетшiлер бейшара қазақ әйелдi соққыға жықты» деп ұлтқа қатысты мәселе көтерген. Оған қатысты да қылмыстық iс қозғалып, жауапқа тартылады», - деп қорытты IIМ министрi.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/795748-ishki-ister-ministri-astanadaghy-artem-baz.html