RU

Қара нәсілді қазақстандықтар өздерін қазақ санайды (фото)

Қара нәсілді қазақстандықтар елімізде көпшіліктен оғаш болып жүргендеріне қарамастан, өздерін қазақ санайды. Жанәлі есімді қара нәсілді бала кей кездері өзі сияқтылар көп кездесетін елде тұрғысы келетінін анасы Айнұрға айтып отырады. Дегенмен 8 жастағы Жанәлі өзін қазақпын деп есептейді деп жазды comode.kz.

Жанәлі өз ортасында не себепті оғаш көрінетінін анасынан сұраумен болатын. Жақында ол өзі секілді қара нәсілді қазақстандық Таир есімді баламен танысып, жақын достасып кетті.

Таирдің анасы Зухра Айнұр секілді өз ұлын жалғыз тәрбиелейді. Ол баласы сырттан келіп "Негр деген не?" деген сұрақтар жаудырғанда, қалай жауап берерін білмейтінін жасырмайды. Екі ана да өзге балалардан ерекшеленіп тұратын ұлдарын қоғам қатыгездікпен қабылдауы мүмкін екеніне алаңдаулы.

"Мен ұлымды тек екінші сыныпқа көшкенде ғана жалғыз өзін жіберуге батылдығым жетті. Қашан да оның қасында байланып жүре алмайтыным анық. Жанәлі жалғыз жүргенде елдердің тесіле қарауларынан кейде жалыққанын айтып жатады", - дейді Айнұр.

Жанәлі мен Таир басылым тілшісіне сұхбат беру барысында қара нәсілді Марселен, Даниэль және Аминатамен танысады.

Даниэль 23 жаста. Ол - Алматыдағы Африкалық қоғамның президенті. Оның анасы - орыс, ал әкесі - Ниегрия тумасы.  Даниэль кәсіби музыкант, фортепиано мен домбырада ойнайды. Оның Айдана есімді әйелі мен Адель есімді ұлы бар.

Даниэль өз жарымен Арбатта алғаш танысқан. Екеуінің некелескендеріне үш жыл болды. Басында Айдананың ата-аналары бұл некеге қарсылық білдірген. Соған қарамастан, Даниэль сүйіктісі үшін қазақ тілін үйреніп, Айдананың ата-аналары ақыры келісімін берген.

"Көпшіліктен оғаштығымыз үшін бәріміз де бала кезімізде қысылған болатынбыз. 2-3 сыныптарда оқыған кезде жаңбырдан кейін су болған асфальттың ақ жерлерімен жүруге тырысатыным есміде. Осылайша мен ағарып кетемін деп үміттенетінмін. Уақыт өте келе ойым өзгерді. Керісінше, мен осылайша елден ерекшеленетінімді түсіндім. 15-16 жасымда өз келбетім маған көп мүмкіндіктер ашатынына сенімді болдым. Қазақстан - АҚШ-пен салыстырғанда мулат жеткіншекті тәрбиелеуге қолайлы мемлекет", - дейді Даниэль Джеймс Данлади-Бвай.

Даниэльдің досы Марселен Камате Алматыда дүниеге келген. Марселен бірнеше жыл Таразда өмір сүргенде оған қоғамда сіңісіп кетуге қиын болғанын жасырмайды.

"Мені тек 9 сыныпта, Қала күніне орай әкімнің алдында қазақша сөз сөйлегеннен кейін ғана ұната бастады.

Содан кейін көпшілік "Бұл біздің Марсель ғой" деп айтып жүретін болды" ,- дейді Марселен.

Марселен 19 жаста. Футболмен әуестеніп, "Нархоз" жастар телехикаясына түседі. Ол анасы орыс, әкесі Африка тумасы екеніне қарамастан, өзін афроқазақпын деп атайды. Марселен ойын қазақша еркін жеткізе алады және орыс тілінде қазақ акцентімен сөйлейді. Дегенмен, өзі сияқты афроамерикандықтарды жолықтырған сайын жаны жадырай түсетінін жасырмайды.

Амината Айша Уэдраогоның анасы - қазақ, әкесі - Буркина-Фасо тумасы. Аминатаның әкесі Алматыға оқуға келгенде қазақ қызына үйленіп, Буркина-Фасоның астанасы Уагадугуге отбасымен көшіп кетеді. Олардың Алматыға қайта көшіп келгендеріне 10 жыл болған екен.

"Буркина-Фасода да інім екеуімізді ақ адамның баласы деп қабылдамайтын. Анам біз сияқты мулаттар үшін жайлы мемлекет табылмайды деп есептейді.  Ал мен екі туған өлкем бар деп санаймын: Қазақстан және Буркина-Фасо", - дейді Амината.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/795928-qara-nasildi-qazaqstandyqtar-ozderi.html