RU

Қазақстандық байкерлер каскадерлік өнермен айналыспақ (фото)

Мотоциклдың қыр-сырын толық меңгеріп, оны каскадерлік өнерімен ұштастырған топ кәдімгі  жұлдыздар сынды ел алдына шығып, байкерлікті кәсіпке айналдырып алған.

Қазақстан бойынша байкерлік өнерді қолға алған Вячеслав Хлопцев бастаған топтың өнерін NUR.KZ тілшісі тамашалап қайтты.

Бұл топта негізінен каскадерлікті меңгерген бес азамат еңбек етеді. Олар кәдімгі бишілер сияқты күнделікті екі рет дайындық жаттығуларын жасайды. Топпен бір уақытта мотоциклдың үстіне шығып, алдыңғы доңғалақтарын көтеру сынды түрлі трюктарды бірдей үйлесімді жасауға дайындалады.

"Бізді негізінен көпшілік еріккендер, жанкештілер деп ойлайды. Негізінен байкерлікті қарапайым спорт, өнер деуге болады. Бұл қазір менің негізгі жұмысым. Осының арқасында жанымдағы төрт балаға айналысар кәсіп тауып бердім. Әрі сол кәсіптің арқасында  түрлі қалалар мен елдерді аралап, ақша тауып жүрміз. Әрине жаттығулардың кезінде тұрғындар үстімізден шағым түсіріп, полицейлерді шақырып жатады. Ондай кезде сау екенімізді көрсетіп, мәселені ушықтырмай шешуге тырысамыз. Ең бастысы жыл санап бізді байкерлерді түсінетіндердің қатары көбейіп келе жатыр", - дейді топ басшысы Вячеслав Хлопцев.

Ал мына суреттердегі көптеген мотоциклдегі азаматтар негізінен осы байкерлердің өнеріне қызыға қарайтын әуесқойлар. Олар әрине қала сыртындағы алаңдарда тәжірибе алмасады.

Вячеслав жақында Ресейлік байкерлердің сайысына қатысуды жоспарлап отыр.  Онда әрине ең ауыр, қиын трюктарды жасау керек.

Егер ол сайыстан абыроймен оралар болса, қасындағы шәкірттерімен бірге шетелдік байкерлердің арасында абыройы көтеріле түсері анық. Әрі қаржылай сыйлыққа ие боларын да жасырмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/796676-qazaqstandyq-baykerler-kaskaderlik.html