RU

Елімізде екі туристік компания банкротқа ұшырау алдында тұр

Елімізде тағы екі туристік компанияның қызметі алаңдатарлық күйде. Бұл ақпаратпен Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының ресми өкілі Денис Кривошеев Астана арнасына берген сұхбатында бөлісті.

Ол бүгінгі күні Түркиядан «Travelsystem» тентіреткен 2 мыңға жуық турист елге аман-есен оралғанын хабарлады. Компания кесірінен туристер шамамен 4,5 млн доллар шығынға батқан.

"Ең бастысы - қолданыстағы заңнаманы өзгерту қажет екенін және туристік нарықтағы ойын ережесін тағы бір қарауды талап ететінін көрсетті. Менің ойымша, «Тревел системге» байланысты жағдайлар қайталанбас үшін, жақын айларда бұл мәселе шешіледі. Қазір нарықтағы ахуалы алаңдатарлық - тағы екі туристік компанияның жұмысын бақылауда ұстап отырмыз. Олардың атауын әзірге айта алмаймыз", - дейді Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының ресми өкілі Денис Кривошеев.

Денис Кривошеев, қазіргі таңда «Travelsystem»-нан жолдама алып, Еуропаға демалуға аттанған 500-ге жуық туристің жағдайы анықталып жатқанын айтты. Еуропа туроператорларымен байланысқа шыққан құзырлы органдар, саяхатшыларды елге қайтару мәселесін жүйелі жолға қойылғанын, жеткізді. Кейбірінің «өз қаражатына қайтуы мүмкін» деген ақпар да жоқ емес.

Еске салайық, 3 маусымда «Travelsystem» туроператорының банкротқа ұшырағаны белгілі болды. Салдарынан қонақ үйдің ақысы мен кері қайтатын билет бағасы төленбеген мыңдаған туристер Түркияда сенделді.

Саяхатшыларды сары уайымға салып, қаржысын  қалтасына басқан турфирма басшысы Роман Хванға қазіргі уақытта  іздеу жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/796945-elimizde-eki-turistik-kompaniya-bankr.html