RU

Қызылорда облысында бас дәрігер бюджеттен 20 млн теңгеден астам қаржы жымқырған

Қызылорда облысында аудандық аурухананың бас дәрігері мемлекеттік қаражатты талан-таражға салғаны үшін сегіз жылға сотталды деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап Қазақстан жаңалықтары.

Ведомствоның мәліметінше, Жалағаш аудандық прокуратурасымен «Жалағаш аудандық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны қызметінде мемлекеттен бөлінген қаражаттардың жұмсалу заңдылығына тексеру жүргізілді.

"Жүргізілген тексерумен орталық ауруханының бас дәрігері А. осы қызметін атқарып жүріп, іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екенін ұғынып және оның зардаптары болуы мүмкін екендігін біле тұра, зардаптардың болуын тілеп, мемлекеттік қызметтер атқаруға теңестірілген уәкілетті адам бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдаланып, мемлекеттен бөлінген 2 400 000 теңгені жымқырғандығы анықталды. Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында А.-ның аурухананың бас есепшісі А.-мен алдын-ала сөз байласуы бойынша мемлекетке жалпы сомасы 19 640 463 теңге шығын келтіргендігі белгілі болды", - деп хабарлады прокуратурадан.

Тексеру қорытындысымен аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері А.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды.

"Аудандық прокуратурамен қозғалған қылмыстық іс сот органына жолданып, Жалағаш аудандық сотының 30 наурыз 2015 жылғы үкімімен жоғарыда аталған баптары бойынша бас дәрігер кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып 5 (бес) жыл мерзiмге мемлекеттік мекемелерде басшылық лауазымдарды атқару құқығынан, 8 (сегіз) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалды", - деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/797108-qyzylorda-oblysynda-bas-dariger-byudzh.html