RU

Ресейдің Астрахан облысындағы орыс мектебіне қазақ ғалымының аты берілді

Астрахан облысындағы Калинино ауылындағы мектепке қазақ ғалымы, академик Ережеп Мәмбетқазиевтің аты берілді.

Мұндай шешімге ауыл тұрғындары бірауыздан келген. Химия ғылымдарының докторы, ғұлама ғалым Ережеп Мәмбетқазиев осы ауылдағы мектептің түлегі.

Астрахан облысы Володар аудандық білім беру әкімшілігінің басшысы Светлана Латунованың айтуынша, ауыл тұрғындарының бұл шешімі білімді, дарынды жерлестеріне деген құрметті білдіреді.

Академик Мәмбетқазиев Ережеп Әлхайырұлы Қазақстанның тұңғыш білім және ғылым министрі, ҚР Жоғарғы кеңесінің 12 шақырылымының депутаты болған. Әлемдегі жетекші ЖОО-лардың құрметті профессоры, Германиядағы халықаралық ақпараттандыру академиясы штаб-пәтерінің вице-президенті.

Ережеп Мәмбетқазиев 1963 жылы ҚазПИ-ді бітірген. 1993 - 1995 жылдары Қазақстанның Білім министрі қызметін атқарған.

1984 - 2001 жылдар Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің, 1994 жылдан Қазақстан-Америка еркін университетінің (Өскемен қаласы) президенті. Негізгі ғылыми жұмыстарының бағыты координациалық қосылыстар электрхимиясы; табиғат қорларын тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғаудың химиялық, биологиялық әдістеріне арналған.

Түсті металлургия кәсіпорындарындағы түсті, сирек металдарды, өнеркәсіптің ақаба және қайтымды суларындағы сынап және соған сәйкес элементтерді, ауыр металдарды бөлу және анықтау әдістерін енгізді. Сонымен қатар шараптарды диметалдау, қаракөл терілерін өңдеуде және сақтауда қолданылатын технологиялық ерітінділерді жасап, өндіріске енгізді.

Мәмбетқазиевтың тікелей қатысуымен 1996 жылы жаңа технологиялар енгізу жөніндегі неміс концерні «Штокхаузен» мен «Альдос» фирмасының базалық кәсіпорны Қазақстан-Герман-Ресей экологиялық орталықтары ашылды.

Осы орталықтар негізінде таза су және жаңа технологиялар ҰЗИ құрылды. Мәмбетқазиев «Парасат» орденімен, «Қазақстан Республикасы білім мен ғылымының дамуына қосқан ерен үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

700-ден аса ғылыми еңбектері АҚШ, Еуропа, Қытай, Монғолия елдерінде қайта басылып шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/797356-reseydinh-astrakhan-oblysyndaghy-orys-m.html