Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда сессияны "сәтті жабу" шамамен 29 мың теңге тұрады

Опубликовано:

Белсенділер Павлодар облысындағы жемқорлықтың басты себептерін анықтауға тырысып, 8 мыңнан астам студент арасында сауалнама жүргізді деп мәлімдеді "Нұр Отан" партиясы "Жас Отан" облыстық жастар филиалының төрағасы Данияр Айтышев.

Бұл туралы Pavlodarnews-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлады.

Зерттеу анонимді түрде "Таза сессия" жобасы аясында жүргізілген.

"Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, студенттер жоғары оқу орындарында жемқорлықтың орын алуына бірнеше жағдай себеп болады деп санайды. Біріншісі - студенттерде оқуға деген қызығушылықтың болмауы. Бұл себепті сұраққа алынғандардың 20,8%-ы көрсеткен. 18,3%-ы барлығына бақылаудың болмауы себепкер деп санаса, 17,3%-ы - жемқорлықтың орын алуын оқытушылардың жалақылары төмен болуынан көреді. Ал 12,6%-ы себеп ретінде мұғалімдер біліктілігінің төмендігін атады", - дейді Айтышев.

Ол жемқорлықтың көбіне емтихан мен сынақ тапсыру кездерінде орын алатынын айтуда. Мұндай тұжырымға студенттердің 21,1%-ының келтірген жауаптары себеп болған. 9,4% студенттер пара беретіндер - дәрістерге сирек келетіндер деп санаса, 6,4%-ы жемқорлық көбіне дипломдық және курстық жұмыс өткізу кезінде орын алады деген ойда.

Оқу үдерісі кезінде жемқорлықтың ашық түрде орын алып жатуы да таңсық болмай шыққан.

Параны жинақтап, топ жетекшілері өткізеді деп 12,6% студент жауап қайтарса, белсенді студенттер жемқорлыққа жол бастап жататынын жауап берушілердің 3,6%-ы байқаған. Ал сауалнамаға қатсықандардың 10%-ы студенттер параны жеке беріп жатады деп есептейді. Бұдан өзге студенттердің 3%-ы параны оқытушылардың өздері бір-біріне өткізіп жатқанына куә болған екен.

Атқарушы хатшының сөзіне сенсек, кей жоғары оқу орындарында оқу орнын тәмамдаған жастардан жұмысқа тұру туралы жалған анықтама талап ету фактілері де кездескен. Сауалнамаға қатысушылардың 44,1%-ы осындай жағдайдың куәсі болғандарын жасырмаған. Зерттеу барысында жоғары оқу орындарында ресми емес түрде бекітіліп қойған пара беру құндарының бары анықталған.

"Мысалға, 12 мың теңгеге бір оқу орнында пәнді сәтті жабуға мүмкіндік бар. Ал өзге білім мекемелерінде бұл ақшаға тіпті сессияны толықтай жабуға болады екен. Айта кетерлігі, сессияны Қазақстанда жабуға орта есеппен 29 мың теңге алынатыны белгілі болды. Ал бір пәнді жабу үшін, шамамен 5 мың теңге беру керек. Курстық жұмысты сатып алу құны ел бойынша орта есеппен 13 мың теңге болса, дипломдық жұмыстың құны – 60 мың теңге болып шыққан. Жоғары оқу орнының жатақханасынан орын алу үшін орта есеппен 15 мың теңге беріп жатса, ақылы оқудан грантқа өтуге студенттерден 500 мың теңге пара алынып жатады. Кей облыстарда грантқа өту 100 мың теңгеге де тиеді екен. Нәтижесінде, елімізде орта есеппен 250 мың теңгеге грантқа ауысуға мүмкіндік бары белгілі болды. Ал әскери кафедраға түсу үшін жарты миллион теңге пара беріледі екен", - деді Айтышев.

Бұдан өзге павлодарлық "Жас Отанның" төрағасы 8000 мың студенттің 90%-ы жоғарғы оқу орындарында жемқорлықтың кездесуін қалыпты жағдай санайтынын мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/797493-qazaqstanda-sessiyany-satti-zhabu-shama/

pixel