RU

Аша Матай танымал актердің сүйіктісіне айналмақ

Режиссер Қанағат Мұстафин «16 қыз» романтикалық фильмінің түсірілім жұмыстарын жүргізіп жатыр. Туынды күз айларының бірінде көрерменге жол тартады деп күтілуде.

Фильмнің басты роліндегі «Айжан» есімді кейіпкерді әнші Аша Матай сомдайды. Оның айтуынша, кастинг кезінде бәсекелестер көп болған. Дегенмен, комиссия бірауыздан басты рольге Ашаны таңдапты.

Өзінің «Инстаграм» парақшасында әнші «Фильмдегі өз кейіпкерімнің дауысын дыбыстап жатырмын, күз айларының бірінде тамашалай аласыздар» деп атап өткен.

Айта кетейік, «16 қыз» фильмінің сюжеті 32 жастағы Бауыржан (Берік Айтжанов) деген жас жігіттің өмірі туралы. Ата-анасы оны үйлендіргісі келіп, қалыңдық іздегенімен, Бауыржан Айжан есімді қызбен отау құруды көздейді.

Бірақ, оның сүйген қызын ата-анасы өзге жігітке атастырып қойған. Дәстүрді бұзғысы келмеген Айжан әкесінің сөзін жерге тастамай өзі сүймейтін жігітке күйеуге шығуға бел буады.

«Фильмді түсіру туралы идея төрт жыл бұрын «Дос-Мұқасан» тобы орындайтын «16 қыз» халық әнін тыңдап отырғанда келді. Содан бері Қанағат пен онымен бірлескен авторлар түрлі нұсқада жазылған сегіз сценарий жазып шықты», - дейді картина продюсері Айдархан Әділбеков.

Айта кетейік, "16 қыз" фильмінің түсірілім жұмыстары Баянауылда (Павлодар облысы), Шәкен Аймановтың туған жерінде, сонымен қатар, Астана, Қарағанды, Талдықорған қалаларында түсірілді. Ал, соңғы түсірілім Алматы қаласында өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/797791-asha-matay-tanymal-akterdinh-suyiktisi.html