RU

Ақмола облысында ашынған жұрт сасық суды шенеунікке мәжбүрлеп ішкізді

Ақмола облысында ашынған халық лас суды атқамінерлердің аузына құя жаздады. Былтыр ғана Айдарлы ауылына 216 миллион теңгеге тартылған магистраль ауыз су мәселесін шешіп бере алмапты.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Құбыр қыстай қатып жатса, жазда тұрғындар жағымсыз иісі бар әрі құрт аралас тіршілік нәрін тұтынуға мәжбүр. Шыдамдарының шегі жеткен жұрт бүгін коммуналдық сала басшыларын ортаға алып, айғайға басты.

70 үйлі қазақ ауылына осы су магистралі тартылғалы қараша жергілікті басшылармен арпалысып келеді. Құбыр қатып қалып, қыстай қар ерітіп қиындық көрсе, енді суы ішуге жарамсыз. Оның сасық болуы құдықтың мал өлексесін көмген маңайға салынғаныннан дейді ауылдықтар.

"Шашылған малдың өлімтігі. Соның қасына апарып қойды. Қардың суы бәрі ерігенде, онда бармай, қайда барады" , - дейді  Айдарлы ауылының тұрғыны Қаркен Кәрімов.

Кезінде кеңшардағы малдың өлексесі көмілген орын қазір тып-типыл тегістелген. Жұрт бұл жерге құбыр тартуға болмайтынын талай ескертіпті. Мына ыстықта шөлдеп келген балалар қайнамаған суды ішіп жүре береді.

Құбырды бақандай 216 млн теңгеге астаналық компания тартқан екен.  Енді бір жыл кепілдігі аяқталмай тұрып, жұрт су тазартатын қондырғы орнатып беруді сұрауда. Бұған мән беремеген шенеуніктер бүгін халықтың қаһарына ұшырады.

"Бізде 2014 жылғы аудандық СЭС-тің қортындысы бар. Су жарамды ішуге деген", - дейді Зеренді кенті әкімінің орынбасары Жадай Әбутәліпов.

"СЭС тексерді. СЭС кімге бағынады? Әкімдікке. 216 миллион теңге кімнің қалтасына кетті. 216 миллионға әр үйге су кіргізуге болар еді. Ауылда 70-ақ үй бар", - дейді Айдарлы ауылының тұрғыны Қанат Әленов.

Енді тұрғындар құрты бар сасық суды тәуелсіз сараптамаға апармақ. Сосын әкімінен бастап сотқа береміз дейді. Дәл қазір қолдарына түскен коммуналдық қызмет басшысы Нұрлан Боқаевқа сасық судан дәм татқызды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/797990-aqmola-oblysynda-ashynghan-zhurt-sasyq-s.html