RU

Алматы облысында жалғызбасты келіншек екі баласымен бірге ағаш лашықта тұрып жатыр

Алматы облысында жалғызбасты ана екі баласымен ағаш лашықта тұрып жатыр. 37 жастағы Анар Қалиева бұған дейін пәтер жалдап, базарда істеген екен. Бірақ енді жұмыссыз қалып, ақысы уақытылы төленбеген соң үйден қуылған.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Содан бері келіншек далада тентіреумен жүр. Таяуда жанашыр жандар Бәйдібек ауылының іргесінен шағын шатыр тұрғызып беріпті. Тек онда да күнелту қиын.

Төбесі ашық, ағаш қаңқадан құрастырылған  күрке – 37 жастағы Анар Қалиеваның бір айдан бері тұрып жатқан жері. Қасында екі баласы бар. Оны таныстары тұрғызып берген. Бірақ шұрық тесік лашықта күнелту тым қиын.

"Балалардың тамағы жоқ, не үй жоқ. Бұл менің әпкемнің көршісінің жері. Қысқа дейін деп сұрап, тұрып жатырмын", - дейді жалғызбасты ана Анар Қалиева.

Мұнда қара су мен бір үзім нан – басты жүрекжалғар. Кейде оның да болмай қалатын кезі бар. Анар жұмыс істеп, тіршілгін түзетпек-ақ ниетте. Тек оған жас балалары қолбайлау. 8 жастағы Дианасы аурушаң.

"Бұл қызым эпилепсиямен ауырады. Басында ісігі бар. Рентгенге түсіргем. Операция жасауға болмайды дейді. Әкімшіліктен, ауруханадан көмек сұрадым. Құжаттарын бітіріп берсең, жасаймыз деді. Оған жолға ақша керек", - дейді Анар.

Ақыл-есі кем қыздың басы ауған жаққа қаңғып кететін әдеті бар екен. Ал кішкентай Бақытжан әлі емшекте. Келіншектің көмек сұрап келуін жергілікті шенеуніктер де жақтыра бермейтін көрінеді. Тек мұны ақжағалылар ашып айтар емес. Анардың кезекті лашығын көруге бүгін олардың да бірқатары осында келіпті.

Бірақ әзірге аурушаң қызына мүгедек жәрдемақысын алу басты мақсаты болып тұр.

"Мүмкіндік болса жерге кезекке тұра берсін. Өзі кезекте тұрған шығар, мен оны білмедім. Енді 18 жасқа дейінгі жәрдемақыға құжатыңды өткіз дегенбіз. Тіркеуге тұрып. Осы маусымда келем деп кеткен. Ол кісі келмеді", - Жетіген ауылдық аймағы әкімдігінің бас маманы Гүлшара Делдебекова.

Анар жуық арада оған жердің берілмесін де жақсы түсінеді. Тек оған дейін екі баласына жазда күн өтіп, қыста суық тиіп қалмаса болғаны.  Жұпыны тірліктен жалыққан ана енді еріксіз көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/798026-almaty-oblysynda-zhalghyzbasty-kelinsh.html