RU

Журналистер одағының төрағасын әріптестері Эдвард Сноуденге сыйлық тапсырғаны үшін сынады

Журналистер мерекесі басталмай жатып, айтулы күні марапатталатын лауреаттар күмән тудырды. Бұл жолы Қазақстан журналистер одағы АҚШ-та арнайы қызметте еңбек етіп, бар құпиясын әлемге жайып қашқан Эдвард Сноуденді «үздік журналистік зерттеудің» авторы деп тауыпты.

Енді бұл азаматты осы сыйлыққа лайықты дейтіндер мен қарсылардың пікір таласы жүріп жатыр деп хабарлайды Таң арнасы.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев  Эдвард Сноуденді лауреат атануымен құттықтап сыйлығын Мәскеуге жолдауды жоспарлап отыр. Ол «Үздік журналистік зерттеудің» авторын анықтау оңайға соқпағанын айтады. Әрі осы шешімнен кейін талай адам  жүлдегерді өзгертуді ұсыныпты.

"Бірнеше адамдар маған звондады. Мен олардың бәрін білемін, атын жария етпей-ақ қояйын. Бұл қалай Секе дейді. Менің айтарым, бұл қоғамдық бірлестіктің мәселесі. Олардың ойы белгілі ғой. Сейтқазы Матаев  Америкаға қарсы ма дейді. Олай емес", - дейді Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев.

Белгілі журналист Ермұрат Бапи  журналистер одағының ішкі мәселесіне  араласа алмайтындығын айтқанымен, АҚШ-тың іздеуіндегі азаматтың «сатқындығын» мадақтап, сый көрсетуге қарсылардың бірі.

Ал отандық ақпарат құралдарының қаламгерлеріне осындай зерттеулермен айналысуға заңмен шектеулер қойылғанын айтады.

"Құпияны таратпау жөнінде уағдаласты. Келісімге отырды. Ал шартты бұзу ол әрине қай қоғамда болса да жауапқа тартылады. Ол қайдан келмесін,  жалпы Сноуденнің істеген ісі адами түсінік тұрғысында ешқандай  рамкаға сыймайтын жағдай", - дейді «Дат» жобасының жетекшісі Ермұрат Бәпи.

Эдвард Сноуден  2013 жылы АҚШ пен Ұлыбританияның арнайы қызметінің азаматтарды қалай бақылауда ұстайтыны жайлы бар ақпаратты бірнеше танымал басылымдар арқылы жариялап жіберген болатын.

Кейін ол мемлекеттік құпияны ашқаны үшін жауапқа тартылатын жерінен Гонконг арқылы Мәскеуге қашып кеткен. Әлемнің көптеген азаматтары Сноуденнің осы ісін ерлікке балап, онымен онлайн сұхбаттар да жүргізді.

Қазір Эдвард Сноуденнің Ресейде екені белгілі болғанымен, нақты мекен жайы құпия. Оны өзге де мемілекеттер түрлі номинациялар бойынша мадақтап, марапаттап жатыр. Ал Қазақстан журналистер одағы бейсенбі күні  оның дипломы мен 50 000 теңге сыйлығын адвокаты арқылы беріп жібермек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/798251-zhurnalister-odaghynynh-toraghasyn-arip.html