RU

Депутат Айткүл Самақова Қазақстанда бомж атаулы азаматтардың бар екенінен хабарсыз

Депутат Айткүл Самақова Қазақстанда бомж атаулы азаматтардың бар екенінен хабарсыз екен. Мәжілісмендерді тұрғылықты мекен-жайы жоқ жұрттың өмірі мен сотталғандардың бостандыққа шыққаннан кейінгі жағдайы алаңдатты деп хабарлайды Таң телеарнасы.

Мәжіліске келген Ішкі істер министрлігі, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы жаңа заңнама қолданысқа енгілі бері жыл сайын түзету мекемелерінен он бір мыңға жуық адам бостандыққа шығатынын айтты.

Азамат Базылбеков сотталғандарды түрмеден кейін әлеуметке бейімдеп, оларға көмек көрсету орталықтарын құру маңызды деп санайды. Алайда, бұл идеяны әкімдіктер өз уәждерін айтып қолдамай отырған көрінеді.

"Бізде қазір бостандыққа шыққан адамдарды бейімдейтін орталықтар Павлодар мен Шымкентте ғана бар. Ал тұрғылықты мекенжайы жоқ жандарға арналған мекемелер Қазақстанның түпкір-түпкірінде жұмыс істеп тұр. Сондықтан, түрмеден шыққандарды бейімдейтін орталықтар құрған жөн", - деді  Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Азамат Базылбеков.

Төрағаның орынбасары түрмеден босатылғандарды бейімдеу жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмеу салдарынан, олардың «қаңғыбастар» қатарын толықтыратынын, болмаса қайта қылмысқа баратынын айтты.

Ал кей депутаттар Қазақстанда үйсіз-күйсіз қаңғыбастар да өмір сүретінін жақында біліп, таңқалғанын және шошығанын жасырмады.

"Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, олар үйсіз болғандықтан бұрынғы камераластарымен бірге тұруға мәжбүр болады немесе қаңғырып өмір сүреді. Біз ешқашан бізде мынадай үйсіздер бар, қаңғыбастар бар дегенді естіген жоқпыз. Біз,  Гүлнәр Мұстахимқызы, Дариға Нұрсұлтанқызы және мен Алматыға сайлаушылармен кездесуге бардық. Сол жерде қаңғыбастардың мекенін көрдік. Олардың басым бөлігі түрмеден шыққандар. Тығырыққа тірелгеннен кейін дейік, сол жерде тұрып жатыр. Жағдайлары нашар, біз бәріміз таңғалдық және шошыдық", - дейді депутат Айткүл Самақова.

Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары түрмеден шыққандардың жұмысқа орналаспауын олардың өздерінен көрді. Вице-министр өз кезегінде олардың басым бөлігі жұмыспен қамту орталықтарына келмейтінін айтты.

Жиында халық қалаулылары педофилдердің жайына да тоқталуды жөн көрді. Мәселен, депутат Бақытбек Смағұл ол азаматтардың араға уақыт салып, балаларды жәбірлеп, қайтадан түрмеге отыратынын айтты.

Ол бас прокуратураның жақында «педофилдерді піштіру керек» деген ұсынысына қатысты Ішкі істер министрлігінің ресми көзқарасын сұрады. Ал Азамат Базылбеков болса, бұл мәселенің жаңа заң жобасында қарастырылатынын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/798271-deputat-aytkul-samaqova-qazaqstanda.html