RU

ДСҰ арқасында елдегі банктердің несиелік пайызы азаюы мүмкін

 Отандық мамандар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына сіңісіп кетуіне 7 жылдай  уақыт қажет дейді. Кеңістік кеңейген соң, бәсекелестік артады, сапасыз өнім көзден бұл-бұл ұшады.

Қазақстанға жыл сайын 132 мемлекеттен тауар тасымалданады. 8 млн тонна өнім алу үшін 31 млрд доллар шығындаймыз. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған біздің ел экспорттаушы мемлекеттерге талап қоя алады.

Тіпті, жарамсыз, қауіпті тауар жеткізгендерін соттап, өтемақы өндіре аламыз. Ал отандық кәсіпкерлер өз өнімдерін әлемнің көптеген елдеріне ұсына алады.

«Шағын, кішкентай «Кук» деген аралдар, Америка, Қытай бізді зерттеп,  тауар әкеліп жатыр. Енді біздерге де шек жоқ. Қайда барып сауда жасасаң да, өз еркің. Бірақ ұйымның ережесін сақтау керек»,- деді экономист Рахман Алшанов.

Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу Қазақстан үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Себебі, елге кететін тауар түрі артып, отандық өндірушілердің үлкен бәсекелестікке төтеп берулері тиіс. Сарапшылардың пікірінше, енді жергілікті кәсіпкерлер өнім түрін көбейтіп, аз пайда табуға үйренеді, сапасын да арттырады.

«Ұйымға мүше болған елдердің сауда кеңістігіндегі ережеге еті үйренуі үшін уақыт қажет. Менің ойымша, Қазақстан үшін ол 2015-2022 жылдар аралығы. Осы уақыттың ішінде біз ауыл шаруашылығын дамытып, сауда ұйымына мүше елдердің тауарымен бәсекелес болатындай етуіміз қажет»,- деді сарапшы Уәлихан Төлешев.

Статистикаға сүйенсек, жыл сайын Қазақстан 4 миллон тонна шикізат пен отандық өнімді экспорттайды. Енді осы тауардың көлемі мен түрі артуы мүмкін.

Сондай-ақ сауда ұйымына мүше болғаннан кейін еліміздегі банктердегі несиелік пайыз көлемі азаяды деп күтілуде.Қазіргі таңда, екінші деңгейлі қаржы секторлары қарызды 8-ден 24 % пайызбен беруде. Ұйымға мүше болған соң, әлем қақпаларының ашылуы арқылы бізге өзге елдің банктері келіп, арзан несиемен қамтамасыз етеді. Бұл да қазақ халқы үшін тиімді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/798300-dsu-arqasynda-endi-eldegi-bankterdinh.html