RU

ОҚО-да жантүршігерлік апатта 6 адам суға тұншығып өлді

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы маңындағы Қақпақ селосында жантүршігерлік жол апаты болып, 6 адам қаза тапты.

Бұл туралы ТВК хабарлайды.

Қайғылы оқиға таңғы сағат 9-дар шамасында болған. Ішінде 8 жолаушысы бар «Нива» автокөлігі көпірден каналға құлап кетті.

Апат орнында Оңтүстік Қазақстан облыстық ТЖД қызметкерлері жұмыс істеуде. Әзірге, қаза болғандар туралы ешқандай ақпарат жоқ деп хабарлайды 24 арна.

Қайғылы жағдай Қазығұрт ауданындағы Қақпақ ауылдық округіне қарасты Заңғар ауылының маңында орын алған. Жеңіл көлік көпірден өтіп, бірнеше метр каналды бойлап жүріп барып, суға құлаған. Көліктің ішінде 8 адам болған. Олар 1989 жылғы жүргізуші мен 14 жастағы ер бала және 6 әйел болған. 5 адам оқиға орнында суға тұншығып, қайтыс болған.

Қазір құтқарушылар суға кеткен 25 жастағы қыздың денесін іздестіріп жатыр. Өйткені судың ағыны қатты, - дейді оқиға орнында жүрген облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков.

Тосын жағдайды көрген 40 жастағы жігіт бірден суға секіріп, машина ішінде қалып қойған екі азаматшаны алып шыққан. Қайта сүңгігенде ағыны қатты су оны да ағызып алып кеткен. Көзсіз батырлық жасаған азаматтың 1975 жылғы Заңғар ауылының тұрғыны Ақылбек Елмұратов екені анықталған.

Қазір судан құтқарылған екі әйел аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Жалпы көлік ішінен 5 азамат пен бір құтқарушы жігіт мерт болған. Оқиға орнында тәртіп сақшылары қайғылы жағдайдың себептерін анықтап жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/798545-oqo-da-zheti-adam-mingen-avtokolik-kopi.html