RU

Алакөлдегі бейберекетсіздік үшін адамдар шетелдіктерден ұялатынын айтты

Туризммен айналысып жүрген кәсіпкерлер шығыстағы Алакөл жағалауының бүгінгі кейпіне алаңдаулы. Себебі, соңғы жылдары мұнда бейберекет құрылыс жайлаған деп хабарлайды КТК арнасы.

Табыс қуалаған кәсіпкерлер сәулет  талаптарын ұмыт қалдырған сыңайлы. Салдарынан көл маңында бір-біріне тым жақын орналасқан нысандардың арасымен адасып кетуге болады. Ал төтенше жағдай орын ала қалса, турбазаларға жедел қызмет көліктерінің де жетуі мүмкін емес.

Алакөлге апаратын күре жолдардың ой-шұңқыры жылдан-жылға көбейіп келеді. Мұнда жиекке тоқтап, көлігін жөндеп жатқандарды жиі көруге болады.

Жол азабына қарамастан, шипалы көл жағасына ағылатындардың қарасы көп. Соған сай демалыс орындары да қаулап барады. Жағалаудан нәпақасын бұрыннан тауып жүргендер мұнда бейберекет құрылыс жайлап кеткеніне алаңдаулы.

Айтуларынша, бір-біріне жапсарлас салынып жатқан үйлердің арасымен адасып кетуге болады. Алда-жалда өрт бола қалса, арнайы көліктердің де өтуі қиын.

"Шетелдіктердің алдында өзімізден өзіміз ұяламыз. Сөз жоқ! Қанша шетелге барып, көріп жүрмін дәл осы біз секілді құрылыс болмайды", - дейді кәсіпкер Исағали Омаралинов.

Ал жергілікті әкімдік жағалауға қатысты бас жоспар әлдеқашан  қабылданғанын айтуда. Жер телімдері арнайы комиссияның ұйғарымымен берілді деп өздеріне шаң жуытар емес.

Суы жанға дауа Алакөлге кезінде тіпті, сапардан оралған ғарышкерлерді де әкелген екен. Қазір де алыс-жақын шетелден демалушылар көптеп келеді. Сондықтан турзим жанашырлары жағалаудың сұрқын ретке келтіруді сұрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/799269-alakoldegi-beybereketsizdik-ushin-ad.html