RU

Ақтөбеде бопсалаушылыққа барды деп айыпталған депутаттан тағы $1,5 млн-нан астам ақша табылды

Ақтөбеде ақша жымқырып, бопсалауға барғаны үшін айыпталған облыстық мәслихат депутаты Мейіржан Өндіргеновтен тағы $1,6 млн-нан астам қаражат тәркіленді.

Бұл туралы Kapital.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлады.

19 маусымда сот шенеуніктің $1,5 млн доллар ақшасын, Ақтөбе, Астана қалаларындағы жылжымайтын мүліктері мен жер учаскелерін тәркілеген болатын. Бұл мүліктің бәрі Мейіржан Өндіргеновке тиесілі болғанымен, "Емшан" ЖШС  кассирі Айсағалиеваның атына жазылған.

Тергеу барысында кассирдің атына Астанада бірнеше жер учаскелері мен жеке үй және Ақтөбеде пәтер жазылғаны анықталды. Кассир бұл мүліктің барлығы Мейіржан Өндіргеновтің иелігінде екенін айтқан. Бұдан өзге тергеушілер банктің сақтау орнында шенеунікке тиесілі 16 бума доллар тапқан. Оларды санау барысында 1 млн 600 мың доллар ақша шыққан.

Прокурорлардың өтініші бойынша, сот бұрынғы төреші Әлима Әділованың шешімін өзгертіп, Мейіржан Өндіргенов құрылтайшысы болып саналатын "Автопарк" ЖШС-ін тәркіге алды. Еске салсақ, бұған дейін сот төрешісі Әділова айыпталушыдан өзге депутаттар да үлескер болған үш компанияның мүліктерін тәркіге алмауды жөн санаған болатын. Атап айтқанда, жер учаскелері мен барлығы 130 пәтері бар үйлер.

Сот төрешісі бұл шешіміне Азаматтық кодекс негіз болғанын алға тартқан. Онда заңды тұлға өз құрылтайышысы үшін жауап беруге міндетті емес екені айтылған. Алайда облыстық сот алқасы бұл шешімді қайта қарап, аталмыш бап бұл жағдайға сәйкес келмейді деген тұжырымға келген.

Еске салсақ, "Автопарк" ЖШС директоры Мейіржан Өндіргенов ақша жымқыру және бопсалау баптары бойынша қамауға алынған болатын. Сот оған тиесілі Ақтөбедегі пәтер мен жер учаскесін және Шалқардағы қоғамдық-іскери мекемені тәркіге алды.

Халық қалаулысын қамауға алуға келген тәртіп сақшылары Өндіргеновтің үйінде жасырған ақшасының өзін 5 сағат бойы арнайы аппаратпен санаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/799405-aqtobede-bopsalaushylyqqa-bardy-dep.html