RU

Атырауда ауа температурасы +50 градусқа жетті

Осымен екінші апта Атырау аптап ыстықтың құрсауында. Синоптиктер аймақта +38+40 градус деп болжағанымен, тыстағы термометрлер бағаны +50 градусқа жеткен деп хабарлады Астана арнасы.

Мазасы қашқан халық ыстықтан қорғану үшін жаппай салқындатқыштар сатып алып жатыр. Жедел жәрдем қызметі науқастарға қызмет көрсетуге үлгере алмауда.

Атырауда соңғы бірнеше күннен бері ыстықтың беті қайтпай тұр. Бүгінде қалада термометр көрсеткіші таңертеңгі сағат 11-де +41 градусты көрсетсе, ал күндізгі сағат 3-те +50 градусқа жетті.

"Теледидардан +39 градус дейді. Менің ойымша, +50 градус сияқты. Біз күні бойы ыстықта тұрамыз. Үйге келеміз, ауа жоқ. Ыстық. Төзу мүмкін емес. Терезені ашсақ, маса, шыбын", - дейді Нина Карантинова.

Ыстықтан халық әр түрлі жолмен қорғануда. Бірі күн қағар бас киімдер кисе, енді бірі салқын сусыз үйден шықпайды. Ал ыстыққа шыдамаған тұрғындар Жайықты жағалап жүр. Тал түсте шаһардағы қос ресми жағажай демалушыларға толы. Қолайлы жағдай жасалмаса да, ыстықтан қорғанудың жалғыз жолы осы, - дейді тұрғындар.

"Егер біздің мұнайлы астанада тұратынымызды ескерсек, бұл жағажай емес, ұят. Тіпті қарауға ұят. Ешқандай қолайлы жағдай жасалмаған. Жерді тегістеп, құм төсеу керек. Амал жоқ, ыстық болған соң, күніне екі рет келемін. Зейнеттемін", - дейді Евгений Севрюгин.

Аптап ыстық ауа райы түрлі аурулардың ушығуына әкелуде. Жедел жәрдем қызметі тұрғындардың шағымына уақытылы жете алмай жатқанын мойындайды. Қарапайым күндері тәулігіне 330-дай қоңырау түссе, соңғы уақытта 1 тәулікте 461 атыраулық денсаулығына шағымданған. Олардың бәрі дерлік аптап ыстықтан ауру жамағандар,- дейді жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері.

"Сәбилерге шақыртады. Салқын тиіп, тамақтарына салқын тиіп, қызудың көтерілуі. Оны күннің ыстықтығымен байланыстыруға болады. Үлгере алмай жатырмыз. Оның үстіне машинаның ақауы көбейіп тұр. Көптен келе жатқан ескі машина ғой. Бұзылып тұрғандары да бар. Олардың бәрін жөндеп, қалпына келтіріп болғанша, үлгере алмай жатқанымыз рас", - дейді Атырау қаласы жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Ерлан Балғожин.

Аптап ыстықтан кей кәсіпкерлердің кәсібі өрге домалаған. Әсіресе ауа баптағыштар мен желдеткіштердің саудасы қызуда. Ірі сауда нүктелерінің өзі қоймадағы тауарларды дүкенге әкеліп үлгере алмай жатқандарын айтады.

Алайда техникалардың пайдасымен қатар зияны да мол боп тұр. Ақ халаттылар мұздатқыштан су ішіп, ауа баптағыштың астына жату - адам денсаулығына зиян, - дейді.

"Көбіне кондиционер, суық су ішу, соған байланысты бүйрек ауруларымен, лор патологияларымен және өкпе ауруымен шалдығып келіп жатады. Жүрек қан тамырлары, жүйке жүйесі аурулары, эндокринді аурулары бар науқастардың көлеңкеден, үйден шықпауын сұраймыз", - деді Атырау облыстық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Айнұр Харисова.

Шіліңгір ыстықпен алысқан атыраулықтарға әлі де біраз сабыр сақтауға тура келеді. Өйткені синоптиктер болжамынша, аптап апта аяғына дейін сақталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/799725-atyrauda-aua-temperaturasy-50-gradusqa.html