RU

Ресейде Қазақстан жерін өз аумағына қосқан карта пайда болды

Ресейде шығарылған ерекше шоколадтың қаптамасы ғаламторда қызу талқылануда.

Бұл туралы «Қамшы» порталы ресейлік «Россия 24» арнасына сілтеме жасай отырып жазады.

Шоколад соңғы жылдары Ресей Федерациясы оккупациялаған мемлекеттердің территориясымен қоса, болашақтағы көз тігіп отырған жерлері және жаңа Ресейдің 2015 жылғы картасы бейнеленген қаптамаға оралған.

Аталмыш тәттінің қаптамасына Ресей тарапынан оккупацияланған Қырым, Балтық елдері, Финляндия және Қазақстанның солтүстік аймақтары бейнеленген.

Шоколад Ресей аумағында 2014 жылдан бері шығарылып келеді. Ал өндіруші компания басшылары болса, «бұл жәй ғана дизайнерлердің фантазиясы емес, шындық», - дейді.

Осы орайда, «Қамшы» порталы соңғы жылдардағы Ресейдің Қазақстанға жасап отырған арандатушылық әрекеттерінің бірсыпырасын оқырман назарына ұсынды.

2014 жылы Астана дүкендерінде «СССР» деген балмұздақ сатылымға шықты. Саяси пиғылдағы бұл балмұздақ Ресейдің Челябинск облысы, Троицк қаласында шығарылған.

«ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Северный Казахстан – это Русская земля» атты парақша ашылған. Онда «Солтүстік Қазақстан-бұл экономикалық және географиялық тұрғыдан уақытша Қазақстанның құрамындағы Ресей Федерациясының жері», «Бұл жерлердің барлығы Ресейге қайтарылуы тиіс» делінген. Алайда бірнеше уақыттан кейін Қазақстанның құқық қорғау қызметкерлерінің жедел қызметінің нәтижесінде әлеуметтік желідегі арандатушы парақша жойылған.

9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында еліміздің ең ірі мегополисі Алматы көшелерімен Кеңес Үкіметінің туын жалаулатып өткен бейнежазба жарияланды.

2014 жылдың ақпан айында Ресей оппозиционері Эдуард Лимонов Кремль басшыларына Қазақстандағы теңге девальвациясын пайдаланып, оның солтүстік аймақтарын аннекциялау керек деген ұсыныс айтты.

Ресей Думасының депутаты, ЛДПР фракциясы жетекшісі Владимир Жириновский Украинадағы жағдайды сөз ете келе, Орталық Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігіне шүбә келтірген болатын.

Сәуір айының басында Хакасияның жоғарғы кеңесі төрағасы В. Штыгашев Қазақстанның солтүстік аймақтары «референдум» өткізу арқылы Ресей құрамына қайтарылуы тиіс деді.

Биылғы жылы наурыз мерекесінің жәрмеңкесінде ШҚО-да Ресей Федерациясының туы сатылымға шыққан болатын. Сонымен қатар, қоғамдық көліктерде, қоғамдық орталарда, базарлар мен дүкендерде Ресей туын насихаттап жүргендер көп.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/800241-reseyde-qazaqstan-zherin-oz-aumaghyna-q.html