RU

Қазақстанды әлем алдында масқаралаған фильмдер (фото, видео)

Соңғы жылдары Қазақстан туралы бірнеше шетелдік фильмдер жарыққа шықты. Олардың біразын көргеннен кейін кез-келген адамда еліміздегі тұрғындар сауатсыз, жабайы, ал мемлекетіміз террористерге толы деген ой қалады.

ZTB.kz сайты Қазақстанды масқара ететін шетелдік фильмдердің тізімін ұсынды.

"Борат"

Қазақстандықтар үшін ең жек көрінішті  фильмдердің бірі – "Борат". Режиссер Ларри Чарльздің аталмыш фильмі ел арасында біраз шу тудырған болатын.

Фильм желісінде Борат Сағдиев есімді қазақ журналисі АҚШ-қа репортаж жасау үшін аттанады. Алайда теледидардан "Спасатели Малибу" хикаясын көргеннен кейін бар назары Памела Андерсонға ауады. Кейіпкер сол аруды іздеп табу үмітімен Калифорнияға жол тартады.

"Борат" 2006 жылдың ең әдепсіз фильмі атанды. Дегенмен фильмде басты рөлді сомдаған Саша Барон Коэн "Комедиядағы үздік ер кісінің рөлі" номинациясы бойынша "Алтын глобус" жүлдесін иеленді.

Фильмді көрген қазақстандықтардың көбі "Борат" қазақтарды қорлап, келеке етеді деген пікір айтқан.

"Жалшылар"

Америкалық режиссер Кристофер Рэйдің “Жалшылар” (Наемницы) фильмі Қазақстан жағдайының төмендігін көрсетеді.

2014 жылы шыққан "Жалшылар" фильмі Қазақстанда айтарлықтай қызығушылық тудырмады. Фильм аз қаражатқа түсіріліп, үлкен сұранысқа ие болмағандықтан, көп жерлерде көрсетілмеген.

Қазақстандықтардың көңілін аудартқан жалғыз жайт – фильмде шетелдіктердің мемлекетімізді сөз етуі.

Фильмде Қазақстан халі өте нашар екені айтылады. Елді бейтаныс диктатор басқарып, әйелдер күңге айналған. Олардың жалғыз табыс көзі – жезөкшелік. Тиранды орнынан тайдыру үшін баскесерлер бандасын басқарған әйел жолға аттанады. Банданың ең қауіпті мүшесі – құлаған Кеңес Одағының арнайы жасағында болған күрескер.

Америкалық режиссер Қазақстанды шөл мен тау аралас ен дала етіп көрсеткен. Елде ағаш пен батпақтан тұрғызылған лашықтардан басқа түк жоқ. Ал тұрғындары кілең еуропалықтар. Фильм барысында азиаттық адам бір-ақ рет көрсетіледі (жалдамалы әйелдердің бірі ретінде). Боевикті түсірушілер Қазақстанды негізінен азиаттар мекендейтінінен бейхабар болғандығы байқалады.

"Роллербол"

2002 жылы Жан Рено ойнатын "Роллербол" фильмі жарыққа шығады. Бұл 1975 жылы шыққан ескі фильмнің қайта жаңғыртылған нұсқасы. Роллербол – мотожарыс пен ережесіз күрес араласқан спорттың жаңа түрі.

Желі бойынша АҚШ-тан Қазақстанға келген екі шебер мотожарыскер Жамбыл (Тараз) қаласына өз құрамасы үшін жарысқа қатысу үшін келеді.  Фильмде Жан Рено - бұрынғы МҚК қызметкері, роллерболдың негізін қалаушы болып ойнайды. Оны көпшілік Петрович деп атайды.

"Президент ұшағы"

Фильм 1997 жылы шықты. Онда басты рөлдерді Харрисон Форд пен Гари Олдман сомдаған.

Желі бойынша КСРО-ға адалдығын сақтап қалған әскерилер Қазақстанда билікті басып алып, елде терроризмді өркендеткен. АҚШ "қазақ" диктаторы Иван Радекті құрықтау операциясына кіріспек болғанда, террористер америкалық президенттің ұшағын кепілге алады. Ақырында АҚШ президенті құтқарылып, террористер Каспий теңізіне құлайды.

"Біздің дәуірдің Вавилоны"

Фильмнің тұсаукесері 2008 жылдың 20 тамызында Францияда өткен.

Фильм желісі бойынша оқиға 2027 жылда өрбиді. Вин Дизель Туроп есімді жалшының рөлін сомдайды. Туроп Жаңа Сербиядан моңғол шіркеуінен Нью-Йоркке қызды жеткізу тапсырмасын алады.

Ол Нью-Йоркке Қазақстан, Қиыр Шығыс және Беринг бұғазы арқылы өтуі тиіс болады. Фильм желісінде Қазақстан – терроризм өркендеген мемлекет ретінде көрсетіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/800312-qazaqstandy-alem-aldynda-masqaralagh.html