RU

БҚО-да толғағы жеткен әйелге уақытында келмеген дәрігер соққыға жығылды

Батыс Қазақстан облысында жүкті келіншектің күйеуі толғағы басталған әйелге дер кезінде келмегені үшін жедел жәрдем қызметкерін соққыға жықты.

Бұл туралы Мой город порталына сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Оқиға 25 маусым күні Теректі ауданының Подстепное ауылында болған. Дәрігерлер толғағы басталған 20 жастағы келіншекті босанатын бөлімге жеткізу үшін дереу жолға жиналғанын айтады. Алайда, үйді таба алмай біраз уақытын жоғалтқан.

«Біз Подстепное селосына 40 минутта жеттік. Алайда, үйді таба алмай жүріп қалдық. Шақыру 14:35-те түсті, ал біз 14:37-де сол ауылға қарай шығып кеткенбіз. Біз олармен телефон арқылы сөйлесіп отырдық. Әдетте, үйді таба алмағанда бізді күтіп алатын. Оның үстіне, ауылды жақсы білмейтінімізді де ескертіп отырдық. Үйлердің нөмірі жоқ, табу қиын болды», - дейді соққыға жығылған фельдшер Асылбек Өтеғалиев.

8 жылдан бері жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп келе жатқан фельдшер талай оқиғаның куәсі болғанымен, тар мұндай іспен бірінші рет кездесіп отырғанын айтты.

«Мен келіншектің күйеуінің өзін өте дөрекі ұстағанын байқадым. Егер қолымен жұдырық жұмсаса қорғануға дайын едім. Алайда, ол басымен мұрнымнан бір соқты», - дейді зардап шегуші.

Бүгінде мұрны сынған дәрігер аталған азаматтың үстінен шағым түсірді. Ал ауруханаға жеткізілген келіншек аман-есен сәбиін дүниеге әкелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/801989-bqo-da-tolghaghy-zhetken-ayelge-uaqytynd.html