RU

Қазақстандық жұлдыздар жеке кәсіптерін неге жасырады? (видео)

Үнемі сұранысқа ие болып әрі елдің "ең сүйікті" әншісі атану барлық өнер адамдарына  бірдей бұйырмайды. Заңы қатал шоу-бизнесте «жұлдыз» болып қалу оңай еместігін де өнер иелері  жақсы біледі.

Сондықтан болар, олардың басым бөлігі сахнадағы өнерінен өзге жеке кәсіптері бар. Алайда, көз не сөз тие ме дейме екен, әйтеуір бастаған істерін елден жасырып әлек.

Шоу-бизнес жұлдыздарының елден жасырған қандай  кәсіптері бар ?

Осыдан үш жыл бұрын әнші Рамазан Стамғазиев кірпіш зауытын ашқан. Алайда, көп ұзамай ол кәсібі шығынға ұшырап жабылып қалады.  Басты себеп, әнші сауданың қыр-сырын жетік меңгермегендігінде. Онысын жұлдыздың өзі мойындайды.

Ал өмірде де, өнерде де  жұптары жарасқан  Жазира мен Жанболат болса,  ән айтудан өзге саланы меңгеріп көрмепті.

Өткен аптада әлеуметтік желі арқылы жасырын кәсіппен айналысатын біраз әншінің есімі жария етілді. Солардың арасында әнші, шоумэн әрі  асаба Нұрлан Албанның  да есімі бар.

Бейнекөріністе желілік маркетинг ұйымдастырушысы әнші Нұрлан Албанның да өздері арқылы бір жарым миллион теңге ақша тапқаны жайында айтады. Осы ақпаратқа қатысты әншінің өзінен біз сұхбат ала алмадық. Себебі, Нұрлан қалада болмай шықты. Дегенмен, әнші жүйелік  маркетингпен осыдан бес жыл бұрын айналысқанын жасырмады. Ал, бүгінде ол кәсіптен қол үзгенін кесіп айтты.

Әнші Шахизада  желілік бизнесті жақсы меңгерген. Бұл сауданың түрімен айналысып жүргеніне жеті жыл. Бүгінде ол майын ішіп, жілігін шағатын дәрежеге жеткен.

Шахизада бос жүрмей өзінің өнердегі  әріптестерін де бұл кәсібіне тартқан. Олардың қатарында әнші  Бағдат Сәмидинова, Нағима Есқалиева, Жанар Айжанова, Әлішер Кәрімов та  бар. Ал Алтынай Жорабаева болса, жұмған аузын ашпады. Қандай кәсібі бар, немен айналысатынын көпшіліктен жасырды.

Шоу- бизнес өкілдерінің біразы өздерінің айналысып жүрген кәсіптерін жасырса, енді бірі жар салып жариялауға үйір.  Осыдан бірнеше жыл бұрын жеке кәсіпкерлікті қолға алған Қайрат Нұртастың қадамы алға басты.  Киім сататын бутигі мен журналы бар.

Ал әнші Бүркіттің қосымша табыс көзі автокөлік саласы болса, МузАРТ ұжымның басты пайдалы бизнесі - дыбыс жазатын студиялары. Жалға беріп, жан бағады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/801998-qazaqstandyq-zhuldyzdar-zheke-kasipte.html