RU

Қытайда білім алып жүрген студент оқытушының өзіне тиіспек болғанын айтты

Шаньдун политехникалық университетінің бұрынғы студенті қазақстандық Артур Мирошноченко Қытайда тегін оқу орнын бөлген компанияны сотқа берді. Ол оқуын мәжбүрлі түрде үзгендігін алға тартуда.

Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап NUR.KZ хабарлады.

Алматылық Артур Мирошниченко бір жыл бұрын Қытайдың беделді жоғары оқу орны Шаньдун политехникалық университетінде грант ұтып алған болатын. Ол компьютерлік аниматор мамандығы бойынша оқып жатқан. Артур оқуға түсу үшін Қытайда білім алуда көмек көрсететін компанияға жүгінген. Алайда осы жылдың көктемінде оған үйіне оралуға тура келген.

"Мені оқудан шығарып жатқандығы туралы хабарсыз болдым. Маған 4 наурыздан 5-не қараған түні келіп, оқудан шығарылғанымды айтты. Менің тарапымнан қандай ағаттық кеткенін де түсіндірмеді. Ешқандай жазбаша ескертпелер де болмады. Тек заттарымды жинап, кетуімді бұйырды. Бұл туралы шетелдік студенттермен жұмыс істейтін жетекшіміз хабардар етті", - дейді Артур Мирошниченко.

Телеарналардың мәліметтеріне сәйкес, Қытайда студент өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

"Келісімшартта My China компаниясы құжаттарды Қытайға жеткізіп, ол жақтан бізге келгендерді алдымызға әкелуге міндеттелгені жазылған. Келісімшарттың бұл пункті орындалмады. Ұлымды оқудан не себепті шығарғанын түсіндіруды айтпай-ақ қояйын. Ұлымның оқудан шығарылғаны туралы да ешқандай құжат келмеді. Ал жетекшісі болса ұлыма сексуалды тұрғыдан тиісуге әрекеттенген", - деп сендірді студенттің анасы Алена Мирошниченко.

Құжат шарттарына сәйкес, фирма расымен екі ел арасындағы құжат алмасуды қамтамасыз етуі тиіс болған. Алайда компания ешқандай құжат бере алмайтындарын алға тартты. Себебі Шаньдун университетінен оқудан шыққандар тізімінде студенттің есімі жоқ болып шыққан.

"Ол өзіне қол салмақ болғасын университет оның қауіпсіздігі үшін үйіне жіберу шешімін қабылдаған. Сол себепті оған үйіне оралуға кеңес бердім. Алайда ол қайтуға ақшасы жоқтығын айтты. Университет оған билетті өз қалтасынан сатып алып беруге келісті. Қазір университеттен Артурдың оқудан шығарылмағанын растайтын хатты күтіп отырмыз", - деп түсіндірді My China компаниясының бас директоры Мирас Сағнаев.

Артур Мирошниченко тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамына көмекке жүгінді. Заңгерлер оған арыз жазуға қол ұшын берді. Енді бұл істің соңғы нүктесін сот қоятын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/802821-qazaqstandyq-student-ozin-shetel-univ.html