RU

Жамбыл облысында аудан әкімі қоластындағыларын 350 км жерге сенбілік өткізуге жіберді

Аудан әкімі Бақытжан Нұркенов Мойынқұм шенеуніктерін Тараз көшелерін тазартуға міндеттеген. 350 шақырым қашықтықта жатқан облыс орталығына дейін қызметкерлер өз күштерімен жетуге мәжбүр болған.

Мойынқұм ауданына жақында ғана әкім болып тағайындалған Бақытжан Нұркенов өткен сенбіде жүзге жуық қызметкерлерін 350 шақырым қашықтықта жатқан облыс орталығына баруға міндеттеген. Бұл туралы аудан әкімдігіндегі дереккөз NUR.KZ-ке хабарлады.

Мойынқұмның ең шалғай аймағы Тараздан 350 шақырым қашықтықта жатыр. Аудан әкімдігіндегі дереккөздің мәліметтеріне сәйкес, сенбілікке кешікпей келу үшін қызметкерлерге жолға түнгі 3-те шығуға тура келген. Әкімдік өз қызметкерлеріне сенбілікке жетуге көлік жалдамақ түгілі түскі асты да қаматамасыз етпеген.

Дереккөз жұмыстың кешкі алтыларға дейін жалғасып, қызметкерлерге кері қайтуға 4-5 сағат кеткенін, нәтижесінде тек түнжарымда жеткендерін айтуда.

Жұмысқа кімдер келмегенінен хабардар болу үшін аудан әкімі Тараздағы өз орынбасары Бақытжан Қалымбетовке сенбіліктегі қызметкерлерінің фотосын WhatsApp арқылы жіберуді бұйырған екен.

Облыстық әкімдік бұл жұмыстар Қазақ Хандығының 550-жылдығын тойлату шеңберінде жүргізілгендігін алға тартты. Облыс басшылығы әр облыс басқармасы мен аудандық әкімдіктерге бір аймақты сенбілік жасау үшін бекіткені белгілі болды. Осы орайда, Мойынқұм ауданына Жауғаш батыр көшесі бекітілген болып шықты.

Осыған орай NUR.KZ редакциясына аталған аудан әкімінің орынбасары Б.Есеевтен келген хатта: "Тазалық жұмыстарын жүргізу үшін қызметкерлердің барлығы Таразға арнайы көлікпен жеткізіліп, олардың іс-сапар шығындары толығымен өтелді", - делінген.

Шенеуніктің айтуынша, облыс орталығында жүргізілген тазалық жұмыстары бекітілген іс-шаралар жоспары шеңберінде атқарылған.

Сенбілік барысында көпқабатты үйлердің алдын жөндеуден өткізу, аймақты қоқыстардан тазарту, гүлдер отырғызу, түнгі шамдарды орнату және өзге де жұмыстар қарастырылған болатын. Құжатқа сәйкес, бұл жұмыстарға 16,7 млн теңге қаражат бөлінген. Қаражаттың орнымен жұмсалуын қадағалауға 13 адам бекітілген екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/802872-zhambyl-oblysynynh-audandyq-akimi-qyzm.html