RU

Жаркент тұрғыны полиция инспекторын зорлады деп айыптады

Алматы облысына қарасты Жаркент қаласының тұрғыны өзін жол патрульдік полициясының инспекторы зорлап кеткенін айтып, шағымданып отыр. Бойжеткеннің айтуынша, аға сержант алты күн бойы жәбірленушіні өз үйінде қамап ұстап, қорлап, тепкінің астына алған көрінеді.

Алты күн бойы полиция қызметкерінің үйінде қамауда болып, зорлық-зомбылық көрген жәбірленуші қазір Панфилов аудандық ауруханасының хирургия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер науқасқа жабық ми жарақаты және миы шайқалған деген диагноз қойыпты.

Науқас қазір өздігімен жүріп-тұра алмайды. Дәрігерлердің айтуынша ол мұнда әлі бірнеше күн ем қабылдауға мәжбүр.

"Құқық қорғау қызметкері құқымды бұзып, арымды аяққа таптады" деген бойжеткен бет-жүзін көрсетпеуді өтінген. Ел арасында беделі бар  отбасында өскен бойжеткеннің аты-жөнін жасырып отыр. Жәбірленушінің айтуынша, адамның айтуға аузы бармайтын сорақы қылмыс бір күн емес, алты күнге жалғасқан көрінеді.

Яғни маусым айының 17-сі мен 22-сі аралығында Панфилов аудандық ІІБ жол патрульдік полиция инспекторы Ерік Насыров, "өз үйіне қамап, ұрып, соғып, осыншама күн қорлық көрсетті" - дейді жәбірленуші.

"Зорлық-зомбылығына көнбегеннен кейін бұл шашымнан сүйреп, ары-бері қылқындырды. Қылқындырғанда да, өліп қала жаздадым көзім бақырайып. Ұмтылып, қыстырылып, жан сауғаладым. Соның өзінде де бұрышқа апарып, тағы шашымнан жұлды. Итше тепкілеп. Содан қайтадан спальныйға әкелді сүйреп", - дейді жәбірленуші.

Адамның айтуға  аузы бармайтын әрекетке барды деп, өзі айыптап отырған азаматты жәбірленуші бұрыннан танитынын айтады, сөз салып жүрген дейді. Тіпті, тепкінің астына алса да, осы оқиғадан соң, бір күннен кейін әлгі азаматтың шақыртуымен үйіне барған. Тағы таяқ жеген, терезе сынған. Себебін өзі  "арыма түскен дақ - жеген таяғымнан ауыр болды" деп түсіндіреді.

"Үйлене ме екен деп үміттеніп бардым. Болашағым, зорланып тастағаннан кейін кімге керекпін? Кім керек қылады мені мысалға", - дейді жәбірленуші.

Денесінің сау тамтығы қалмаған науқас әсіресе, психологиялық  ауыр соққы алған дейді дәрігерлер.

Жәбірленушінің жақындары, полицияның өз әріптестеріне қатысты істі бірден қозғамағанын айтады. Сот-сараптамасы да кеш тағайындалды, сол себепті журналистерге жүгіндік дейді. Полиция өкілдері зорлау фактісі бойынша іс қозғадық деп жауап берді.

"Қылмыстық кодекстің 120 бабы бірінші бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сот медициналық сараптамасы тағайындалды", - дейді Панфилов аудандық ІІБ бастығының орынбасары Мұрат Бегәділов.

Ал Ерік Насыров дәл осы күні  баянатын жазып, өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Қазір ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен қамауға алынбапты. Аға сержантты  жәбірленушінің жақындары  оқиға болған жер деп көрсеткен үйінен де таба алмадық. Бұл іске қатысты қазір тергеу амалдары жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/803981-almaty-oblysynda-policiya-qyzmetkeri.html