RU

Өзбек шекарашылары атып өлтірген қазақ азаматының артында 7 баласы қалды

Кеше Өзбекстан шекарашыларының  Қазақстан азаматын атып тастағанын хабарлаған болатынбыз. Марқұммен бірге балық аулауға шыққан досы қаралы оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Өзбекстан шекарасы маңайында балық аулап жүрген 37 жастағы Уәлихан Ахметовты көрші мемлекеттің шекарашылары автоматтан жаудырған оқпен атып, сол жерде мерт қылған. Балық аулауға бірге барған қасындағы досы Жеңістің айтынша, олар шекара аспаған.

Тек күн тас қараңғыға айналғанда арғы беттегі шекара қызметі үлкен қуатты жарық түсіріп, өздеріне өтуді талап еткен көрінеді. Қаша жөнелген олардың артынан оннан астам автомат оғы қарша бораған.

"Мен жатып қалды ғой десем. Сөйтсем, оқ тиген екен ғой. Орнынан тұрғызсам тұрмайды. Оқ тиіп өліп қалғанын қайдан білейін. Сонымен жағаға шықтым. Өзімді зорға ұстадым, жағаға Қазақстан бет жағына шықтым", - дейді марқұмның досы Жеңісбек Бекешов.

Бауыр еті баласынан айырылып, қара жамылған Дәнегүл балық аулаймын деп кетіп, қайта оралмаған  ұлын жоқтап, егіліп отыр. Бар айтатыны, кінәлі шекарашыны жауапқа тарту керек дейді.

Оңтүстіктегі бүкіл шекара қызметінің басшылары қазір оқиға басында жүр. Көрші елмен өзара сөйлесіп, мән-жайды нақтылағандай болған. Алайда, Өзбекстан жағы браконьерлер шекара асты дегенді айтып ақталған.

"Енді Өзбекстан жағымен кездесу болды. Өзбекстан жағының айтуына қарағанда, бұлар шекарадан өтіп кеткен дейді. Ал тірі қалған жігіттің сөзінше, ол Өзбекстан жағында болмаған. Қазақстан шекара сызығымен балық аулаған", - дейді  ҰҚК Шекара қызметі баспасөз қызметінің жетекшісі Мұхтар Анарбек.

Әзірге белгілісі, Өзбекстан жағы ресми түрде  оқ ату дерегін мойындаған. Онысын шекара асқандарға тосқауыл ретінде атылды деп ақтап отыр. Ал қазақстандық шекара қызметінің баспасөз орталығы балық аулаған жер рұқсат етілген аймаққа кіреді деді. Марқұмның туыстары құзырлы орындағылар анық-қанығын ажыратып берер деп үміттенеді.

КТК телеарнасының хабарлауынша, марқұмның артында 7 баласы қалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/803992-ozbek-shekarashylary-atyp-oltirgen-qaz.html