RU

Назарбаев есімін қойған үшемдер Нью-Йоркты бағындырды

Президенттің өзі есім берген Қазақстанның бірінші үшемдері Төле, Қазыбек пен Әйтеке бүгінде Нью-Йоркты бағындырып жүр деп хабарлады "Хабар" арнасы.

Қыркүйекте 17 жасқа толатын олар өздерін "Астананың құрдастарымыз", - дейді. Тәуелсіз Қазақстанда туған бірінші үшемдер жайлы ел 1998 жылы білген еді.

Балалар бір құрсақта дамығанына қарамастан, туғанда салмақтары жақсы болды: 2.300, 2.700 және 2 келі 800 грамм. Сол кездегі білім, спорт және денсаулық сақтау министрі Қырымбек Көшербаев қуанышқа толы жас ата-анаға жеке өзі келіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан хат тапсырған болатын.

Төле, Қазыбек пен Әйтеке үшемдерге үш жас толғанда, дипломат әкелері Исраил Тілеген Лондонға қызмет атқаруға кетті. Одан кейін бірнеше жыл Астанада жұмыс істеп, келесі шетелдік іссапармен Америка Құрама Штаттарына бет алды. Міне, жанұяның Нью-Йоркте тұрақтағанына бүгінде бес жыл болды.

Үшемдер шетелде тұрып жатқанына қарамастан, туған ел тарихына қатысты деректерді үнемі зерделеп жүреді екен.

"Менің атым - Төле. Мен Қазыбектен 10 минутқа, ал Әйтекеден 15 минутқа үлкенмін. Біз есімдерімізді қадір тұтамыз, өйткені оны Нұрсұлтан Назарбаев қойған. Менің атымды ұлы Төле бидің құрметіне қойды. Ол кіші жасынан халқының поэтикалық өнерін сүйіп, білімді, ақылды болған", - дейді Төле Тілеген.

Үшем Нью-Йорктың Бронкс аймағындағы мектепте білім алып жүр. Оқудан кейін олар спорт үйірмелеріне қатысып, жарыстарда жүлделі орындарға ие болған екен. Үлкен ағасы Жанболат кешкілік бауырларына үй тапсырмасын орындауға көмектесіп, ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырады.

Төле Тілеген дәрігер, хирург болуды армандаса, Қазыбек ұлы архитектор не танымал заңгер болғысы келеді. Ал Әйтеке компьютер программисті болуды армандайды екен. Бүгін үшемдер қайтадан жолға дайындалуда. Олар ата-аналарымен Куба еліне бармақшы. Әкелері Бостандық аралына жаңа жұмыс орнына тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/804099-nazarbaev-esimderin-qoyghan-ushem-nyu-y.html