RU

Грекияда дағдарысқа байланысты банктердің жұмысы тоқтап қалды

Грекияның экономикалық жағдайы күннен күнге нашарлап барады. Бүгін елдің қаржы министрі банкоматтардан бір тәулік ішінде алынатын ақша мөлшерін 60 еуроға дейін шектеді.

Мемлекет 30-шы маусымға дейін Халықаралық валюта қорының алдында қордаланған 1 млрд 600 млн еуро қарызын қайтаруы тиіс. Алайда елде қаржы тапшы. Афина жаңа несиелерге қол жеткізбесе, дефолт жариялап, Еуроаймақтан шығуға мәжбүр болады.

Таң атар атпастан Грекия банкоматтарының алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. Тұрғындар жиған-терген қаржысын шешіп алуға асық. Үкімет бір тәулікте 60 еуродан артық ақша бермеуге қаулы қабылдап үлгерген.

Бұл шектеудің туристтерге қатысы жоқ. Елдегі банктердің жұмысы 6 шілдеге дейін тоқтатылған. Сенбіде кредиторлар Афиныға ХВҚ-ның несиелерін өтеуді кейінге шегеруге келісім бермеді. Осыған жауап ретінде Грекия, несиелендіру бойынша шарттарды халықаралық референдумға шығармақ. Премьер-министр халықтан «жоқ» деген жауап күтетінін жасырмайды. Яғни, Одақтан шығуға қарсы емес.

Блумберг агенттігінің сарапшылары болса, Грекия драхмаға қайтып оралады деген болжам жасауда. Яғни, бұл ел Еуро Одақтан шығады деген сөз. Еурокомиссия мүшелері де осындай ойда. Олар барлығына Грекия билігін кінәлайды.

Қазір Македония да өз қаражаттарын Грекия банктерінен шығарып жатыр. Ал Грекия дефолт жариялаған жағдайда Германия 80 миллиард еуро жоғалтуы мүмкін. Афина ертең 1,6 миллиард еуроны қайтаруы тиіс. Алайда елде ақша жоқ. Қысқасы, Грекияны дефолт күтіп тұрғаны айдан анық. Салдары елдің Еуроаймақтан шығуына әкеліп соғады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/804203-grekiyada-daghdarysqa-baylanysty-bank.html