RU

Қазақстан аймақтарында өтпелі жаңбыр жауып, ыстық ауа райы сақталады

Қазақстанда алдағы үш күнде өтпелі жауын жауғанымен, ол аптап ыстыққа әсер етпейді.

Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.

«Қазақстанның батыс облыстарында алдағы үш күнде күн күркіреп, өтпелі жауын жауады, кей жерлерінде нөсерлетуі мүмкін деп күтілуде. 2 шілдеде республиканың солтүстігі мен орталығында өтпелі жауын жауады», - делінген дүйсенбідегі хабарда.

Бұл ретте республиканың шығысында ертең жауын жауса, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жауын-шашынсыз болады деп болжануда.

«Жауынға қарамай, ауа температурасы бұрынғысынша, нормадан артық. Көптеген облыстарда күндізгі ауа температурасы +38-43º», - деп хабарлады  метеоқызметтен.

Еске сала кетейік,  «Қазгидромет» 40 градустық ыстыққа байланысты Қазақстанның 6 аймағында дауылды ескерту жариялады.

««30 маусым - 1 шілдеде Атырау облысында 40-43°C ыстық сақталады. 30 маусым – 2 шілде аралығында күндізгі уақытта Маңғыстау облысында 40-45°C ыстық болады деп күтілуде», - деп ескертеді синоптиктер.

Сондай-ақ 30 маусым – 2 шілдеде Қызылорда облысының кей жерлерінде +45°C ыстық болады деп күтілуде.

Одан басқа, 30 маусым – 1 шілде аралығында Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде +40°C ыстық болады.

← Назад к списку

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/804486-qazaqstan-aymaqtarynda-otpeli-zhanhby.html