RU

Алматы тұрғыны әнұран аудармасының өз нұсқасын ұсынды

Алматы тұрғыны, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қызметкері Айбар Мәлік әнұранымыздың аудармасы дұрыс жасалмағанын алға тартып, өз нұсқасын ұсынды.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы (орысша мәтіндегі) жазылған кітапшада әнұранның орысшаға аударылған нұсқасы келтірілген. Ғаламтордағы ақпаратты іздеу қызметтері де әнұран аудармасының бұрынғы нұсқасын ұсынады.

Әнұранның аудармасы ұнамаған алматалық өз нұсқасын жасап шығаруға бел буыпты.

"Оның 3 себебі бар, - дейді ол. - Ол аудармада әнұранның негізгі айтпақ болған ойы дұрыс аударылмаған. Мысалы: «в небе золотое солнце» дейді. Ол «алтын күн қайда тұр?» деген сұраққа жауап беріп тұр. Ал негізінде аудармада «оның бүкіл аспаны алтын күн» деген мағынаны беруі керек. Бүкіл даласы алтын дән деп аударылудың орнына, «в степи золоте зерно». Ал негізінде «золотая семя его степь», «вся ее степь золотое зерно» деген мағынада жазылу керек. Мен дәннің семя деген аудармасын алдым. Сол ыңғайлы айтылғанға да, естілгенге де".

"Қайырмасында: Я твой цветок, взращенный тобой, деп тұр. Мемлекет есебінен өмір сүру деген мағынада жазылған, - деп жалғастырады Айбар Мәлік. - Ал негізінде мемлекетті гүлдендіру үшін керек болса, гүлің болып өзім егілемін - бейбіт заманда, ал ел басына күн туса, жаулар үшін олардың табан астында тікенекке айналамын деген екінші мағынасы да бар оның".

Айбар Мәліктің айтуынша, ең бастысы - бұл орысша мәтінді әнұранның әуезіне салып орындауға болады.

"Ал бұрынғысын айта алмайсың, ол да бір үлкен кемшілік", - дейді азамат.

Әнұранның түпнұсқасындағы мағынасын түсіне алмайтын орыстілді Қазақстан азаматтары үшін аударманың көмегі зор боларына Айбар сенімді.

"Әнұранның айтпақ болған негізгі ойын, оның концепциясын олар білмейді және түсінбейді. Әнұран ол мемлекеттің негізі, яғни фундаменті болып табылады. Мемлекеттің негізін түсінбеген адамнан патриоттардың шығуы екі талай дүние. Дәл осы үшінші себеп маңызды болып табылады. Себебі оларға айтылған әнұран, далаға айтылған сөзбен тең. Осы кемшілікті жою үшін аудардым десем де болады", - деп ойын ортаға салды ол.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/804508-almaty-turghyny-anuran-audarmasynynh-o.html