RU

Ақтөбеде 4 балалы ананы дәрігерлер ауруханадан шығарып тастады

Ақтөбеде дәрігерлер "бәрібір айығып жазылмайсың" деп ауруханадан шығарып тастаған жалғыз басты ана халықтан көмек сұрайды.

Үш жыл бұрын жатырдың  қатерлі ісігі деген аты жаман ауруға шалдыққан 41 жастағы Алтынгүл Білтаева қазір төсек тартып қалған. Өздігінен далаға да шыға алмайтын жалғыз басты ана төрт баласымен баспанасыз туыстарының босағасын жағалап жүр.

Алтынгүл Білтаеваның төрт баласы бар. Үлкені жиырмаға таяған, ал ең кішкентайы бес жаста. Анасы төсек тартып қалғалы бар ауыртпашылық өздеріне түскен. Үлкені Айнұр  анасының жаны қиналғанда дәрісін егеді, екінші ұлы анасына қолқанат болып шаруа жасайды.

Осыдан үш жыл бұрын жатыр ішілік қатерлі ісікке шалдыққан Алтынгүлге  ауруханада жатып емделген еш нәтиже бермепті. Қазір дәрігерлер келіншектің денсаулығы ота жасауға жарамайды деп үйге қайтарған. Тіпті жедел жәрдем келгенде еш көмектесе алмайды екен. Ол тек ауруды басатын дәрімен ғана отыр.

"Анау -мынау бір нәрсе болып қала ма деп қорқамын. Балаларым далада қалмасын деп бір бөлмелі үй сұрап едім. Басқа не айтамын? Қызымды да жұмыстан шығарып алдым. Маған укол салатын адам жоқ. Еңді үш балам да маған қарап отыр", - дейді жалғызбасты ана Алтынгүл Білтаева.

Балалардың әкесі де үш жыл бұрын сырқаттан қайтыс болыпты. Отбасы анасының бірінші топ мүгедегі ретіңде алатын зейнетақысы мен балалардың жәрдемақысына күн көріп отыр. Алатын  алпыс мың теңге  тамақтан артылмайды дейді ана.

"Үйдің үлкені болған соң, бір нәрсе болып қала ма деп қорқамын. Балалардан қорқамын. Әлі жиырма бірге толған жоқпын. Артымда үйім жоқ. Балаларды құтқарып қала алмаймын", - дейді Алтынгүл Білтаеваның қызы Айнұр.

Бір бөлмеге тығылған балалар жаңа үйді аңсайды. Ал ең  басты армандары аналары дертінен жазылып кетсе дейді

"Мен дәрігер боламын, содан соң, мамам жазылады. Сосын ауырып жатқан адамдарды емдеймін", - дейді науқас әйелдің кіші қызы Ақнұр.

Алтынгүл Білтаева жалғызбасты көп балалы ана ретіңде осыдан алты жыл бұрын үй кезегіне тұрған. Бірақ 1679 болып тіркеліпті. Әкімдіктегілер үй тек өз кезегімен беріледі деп отыр.

"Жалпы әлеуметтік осал тобы арасында 1679 болып тұр. Қазіргі таңда он алты мыңнан астам азамат осы әлеуметтік кезекте тұр. Олардың барлығы үй алу керек. Жағдайына, денсаулығына қарап үй берілсін деп заңда жазылмаған. Сондықтан үй тек кезек тәртібімен беріледі", - дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу бөлімінің меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова.

Енді күтуден басқа амалы қалмай отырған отбасы қарапайым халықтан көмек сұрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/806636-aqtobede-4-balaly-anany-darigerler-aur.html