RU

Қызылорда облысында қара жұмысқа жегілген еден жуушылар бас көтерді

Қызылорда облысы Қазалы ауданы №266 мектеп-лицейінде оқу орнының басшылығы техникалық қызметкерлердің жетеуін қара жұмысқа жегіп, жазғы демалысқа жібермей қойған. Шағымданушы тарап, мектеп басшылығының бұл әрекетін бассыздық деп санайды деп хабарлады 31 арна.

Қазалы ауданы №266 мектеп-лицейінің еден жуушысы, жеті баланың анасы Ұлболсын Өтегенованың айтуынша өзін және өзі сияқты бірнеше қызметкерді мектеп директорының міндетін атқарушы жазғы еңбек демалысына жібермей отыр.  Мектепішілік жөндеу жұмыстары аяқталмайынша  арыздарына қол қоймаймын депті.

"Менің бітпеген жерім болса, айтсын, мына жерің бітпеді деп. Бетіме лақтырсын. Неге бізді соншама қорлайды? Қорлайтындай біз мал емес адамбыз ғой", - дейді техникалық қызметкер Ұлболсын Өтегенова.

Шағымданушының айтуынша, басшылық білгенін істеп басынып жатқан көрінеді. Өзі сияқты бірнеше адамның арызын кері қайтарыпты.

"Жеті адамның арызын алып барсам, қайтып бер өздеріне деп маған қайтып бергізді. Жаңа қайтып бердім таратып өздеріне", - деп назын білдірді Ұлболсын Өтегенова.

Мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы болса, бұл айыптауларды негізсіз санайды.

"Іште жүр ғой өзіңдей апалар, ешкім шыққан жоқ қой отпускіге. Мен бітір деп жатқан жоқпын. Сағат үшке дейін жұмысыңды істе сосын болды деп тұрмын", - деп өз пікірін айтты №266 мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы Дәурен Өтепбергенов.

Мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы шағымданушы тарапты да, бізді де еңбек заңдылықтары толық сақталады деп сендірді. Жаз уақыты енді басталғандықтан жұмыс бітсін-бітпесін демалыс міндетті түрде беріледі дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/806684-qyzylorda-oblysynda-qara-zhumysqa-zheg.html