RU

Өзбек шекарашылары Қазақстан азаматын атып өлтірген соң, белсенділер бас көтерді (фото)

"Болашақ" жастар қозғалысының белсенділері қазақ-өзбек шекарасында қаза болған Уәлихан Ахметовтың өліміне байланысты Алматыдағы Өзбекстан елшілігінің алдында наразылық акциясын өткізді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Жастар алдымен Өзбекстан президентіне мәселені баяндай отырып, хат жазған болатын. Олар Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Уәлихан Ахметовтың отбасы мен жеті баласына көңіл айтып, оны атқан шекарашының жауапқа тартылуын сұраған.

Алайда жастардың  елшілік алдына келгендегі жоспары жүзеге аспай қалды. Себебі алдын ала дайындалған хатты алу үшін елшіліктен ешкім шықпай қойған. Белсенділер Өзбек елшілігінің есік, терезесін қағып, жауап берулерін талап етті. Ал азаматтарды қабылдау үшін шыққан Хусанжан Шахалиев белсенділердің мәселесін естігенімен, хатты алмаған.

"Елшіліктегілердің мынандай мінез көрсетуі - бізді сыйламау деп білеміз. Шындап келгенде біздің азаматымызды, жеті баланың әкесін аяусыз өлтіріп отыр. Бұл бірінші жағдай емес. Осыған дейін 33 Қазақстан азаматы осы шекарада өлді. Бізге келетін өзбек азаматтарына қайсысымыз қандай зәбір көрсетіп жатырмыз? Қара жұмысымызды істесе де маңдай терін жемейміз. Енді бұл хатты электронды почта арқылы жіберетін боламыз. Онда өзбек азаматына жұмысын істетіп отырған әр азамат олардың айлығынан 10% ұстап қалып, жетім қалған жеті балаға жолдасын. Олар асыраушысынан айырылды, көмек керек", - деп назын білдірді "Болашақ" қозғалысының белсендісі Дәурен Бабамұрат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/809015-ozbek-shekarasynda-qaza-bolghan-qazaqt.html