RU

Жомарт Ертаевқа бөтен мүлікті иеленді деген күдік тағылды

Экс-банкир Жомарт Ертаевақа ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдік тағылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламада Бас прокуратураның «Альянс банк» АҚ лауазымды тұлғасына қатысты ҚР ҚК 189-бабының 3-бөлімі 1-тармағында көзделген қылмыс құрамының белгілері бойынша қозғалған қылмыстық істі қарап жатқандығы көрсетілген.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінде хабарланғандай, Жомарт Ертаевқа Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлімі 1-тармағы (Қызметтік жағдайын пайдаланып, тұлғалар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену және ысырап ету арқылы қымқыру) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік тағылуда.

2015 жылғы 22 маусымда Жомарт Ертаевқа ҚР ҚК 189-бабы 1-бөлімі 1-тармағында көзделген қылмысты жасады деген күдік тағылған.

Сот алды тергеу жүргізілуде.

Еске сала кетсек, өткен аптада хабарлағанымыздай, Алматыда мекемеаралық жедел-тергеу тобы экс-банкир әрі «Алма-ТВ» ЖШС-нің бас директоры Жомарт Ертаевты құрықтамақ болған. Алайда Ертаев дер кезінде ізін суытқан.

«Ертаевты Алматыда құрықтамақ болды. Оның кеңсесіне (Алма ТВ кеңсесіне — ҚазТАГ) мекемеаралық жедел-тергеу тобынан қызметкерлер келді. Бірақ оны кеңседе таба алмады. Белгілі болғандай, кеңсе күзетшілері Ертаевты бұл туралы хабардар етіп қойған. Ертаев бірден қосымша есіктен шығып, қашып кетті. Мекемеаралық жедел-тергеу тобының қызметкерлері экс-банкирді Альянс банкке қатысты істі тергеу барысында анықталған тың ақпараттардың негізінде құрықтамақ болған», — деп мәлімдеді құқық қорғау органдарындағы дереккөз сейсенбі күні ҚазТАГ агенттігіне.

2013 жылы Альянс банк қаржы полициясына банктің бұрынғы топ-менеджерлерін тергеу өтінішімен жүгінген болатын. Олар топ-менеджерлер қарыз алушы Ертаевқа банкке тиімсіз шарттар негізінде қайтарымсыз әрі кепілсіз несие берген деген шағым түсірген.

2014 жылдың тамызында Ертаев Альянс банктегі шағымдарды тоқтату мақсатында банкке басты несиенің пайыздары мен қарызын жабу үшін $2 млн қайтарған. Ертаевта 3 мерзімі өткен кепілсіз әрі заңсыз несие болған.

43 жастағы Жомарт Ертаев 2002-2007 жылдар аралығында «Альянс Банк» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған; кейін  «БТА Банк» АҚ басқарма төрағасы қызметінде болды (Украина); «Еуразиялық банк» АҚ (Алматы) басқарма төрағасы қызметін де атқарған. 2010 жылдан бүгінгі күнге дейін Bank RBK АҚ директорлар кеңесінің консультанты қызметін атқаруда. Сонымен қатар 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін Еуразиялық қаржы консалтингісінің орталығын басқарады.

2014 жылдың 10 қарашасынан «Алма-ТВ» ЖШС бас директоры қызметін атқарады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/810812-zhomart-ertaevqa-boten-mulikti-ielend.html