RU

Ақтөбелік тұрғындар мұнай қалдықтарын төгетін полигонның ашылуына қарсы шықты

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ноғайты елдімекенінің халқы мұнай қалдықтарын төгетін полигонға қарсы шығып отыр. Тұрғындар әкімдіктегілердің сырттарынан тон пішіп, полигон салуға рұқсатты да, жерді де беріп қойғанын айтуда деп хабарлады 31 арна.

Барлығы шешіліп қойғаннан кейін халық шу көтеріп, өздері қоғамдық тыңдау өткізуге мұрындық болып отыр. Онсыз да ауыл маңында жұмыс істеп тұрған екі полигон жанынан үшіншісінің қажеті жоқ дейді халық.

Бір жарым мыңнан астам халқы бар Ноғайты ауылында мұнай қалдықтарын өңдейтін полигон орналасқан, он шақырым жерде тағы біреуі бар көрінеді. Еңді үшіншісін салу мәселесі қозғалып отыр.

Ауыл халқының басты күнкөріс көзі мал. Соңғы кезде мұнай компаниялары көбейгелі елде шабыңдық пен жайылым жер азайған. Ноғайтының халқының өзі қазір ауылға жақын орналасқан екі полигоннан зардап та тартып отыр. Ал үшіншісін салуға халық түбегейлі қарсы.

"Ізімізден ерген немерелеріміз мүгедек болып туады. Келіндеріміз түсік тастайды. Сондықтан қарсымыз. Бұған дейін жақсы болды. Өзім он бес баланың анасымын. Қазір қант диабетімен ауырамын. Кеше доктор келгенде осы ауылға тоқсанға жақын адам қант диабетімен ауыратынын айтып отыр. Барлығы осы экологияның әсері емес па?", - дейді ауыл тұрғыны Салтанат Әзина.

Байғанин ауданында өткен ғасырда ядролық сынақтар өткен. Оның үстіне  Арал аймағына кіретіндіктен, экологиялық ахуал ушығып тұр. Жыл сайын қатары көбейіп жатқан полигондар да жер мен суды улап болды дейді халық. Қазіргі кезде облыс бойынша мұнай қалдықтары осы аудандағы полигондарға төгіледі. Ал соңғы полигон құрылысына тіпті тұрғындардың пікірі ескерілген жоқ деп отыр.

"Бұл полигонға берілген жердің өзі заңнан тыс берілген. Өйткені  бұл халықпен келісілмеген. Жалпы халықтың мақсаты полигон салдырмау. Елсізден салдырту. Жер бөлінсе де жер комитеті оған рұқсат берсе де, әкімшіліктен рұқсат алса да. Ол ең бірінші заңда көрсетілген, заң талаптарына қоғамдық пікір, қоғамдық тыңдау өткізіп барып, санэпид сараптама өткізіліп барып, соның қорытыңдысымен жер телімдері беріледі", - дейді ауыл тұрғыны Нұрлыбай Қошаманов.

Мұнайлы өңір болғанымен ауданда мұнай компаниялары мен полигондар жұмысын қадағалайтын бірде бір эколог, не орман шаруашылығының инспекторы жоқ.  Сондықтан да  инвесторлар мұнай қалдықтарын сай салаға төгіп,  білгендерін істейтін  көрінеді. Ауыл халқы бес жүз адам қол қойып, қоғамдық бірлестіктерден көмек сұрап, ынталы топ құрып, қоғамдық тыңдау өткізді. Жиын басталмастан ашулы халық атқарушы билік өкілдерінің жағасынан алды.

"Полигонды алысқа орналастырыңыздар. Алты шақырым деген менің үйімнің қасы. Мен су ішем. Малым шөп жейді. Қырыламыз", - дейді ауыл тұрғыны Ізтілеу Оралхан.

Жаңа полигон орналасатын орын жер асты суларының үстінен өтіп жатыр, қасында көл бар. Ол суды тек Байғанин ауданы емес, Атырау облысы тұтынып отыр деп дабыл қаққан халық, жерге қалай рұқсат берілгенін түсінбейді.

"Заң шеңберінде шешілсе, құзырлы орындар қарап, сараптамадан өткізіп, жобалары экспертизадан өтсе салынады. Заң шеңберінде салынады", - деп түсіндірді Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасы басшысы Қабай Сәрсенғалиев.

Бірауыздан қарсылық танытқан халық, жан айқайымыз естіліп, жаңа полигон салынбайды деген үмітте. Қоғамдық пікір ескерусіз қалса, ақырғы қадамдарға дейін барамыз дейді олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/811706-aqtobelik-turghyndar-munay-qaldyqtar.html