RU

Шымкентте оқушыны ұрған мұғалім тілшілерге жұдырық ала жүгірді

Шымкентте оқушыны есеп шығара алмағаны үшін ұрған мұғалім 75 тәулік қамауға алынуы мүмкін. Жүйкесі жұқарған мұғалім тіпті түсіру тобына да жұдырық ала жүгірген деп хабарлады КТК арнасы.

Есеп шығара алмай жатқан оқушыға 55 жастағы ұстаз аузына келгенін айтып, шапалақпен қуып жүріп ұрған. Мұны оқушылардың бірі түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған соң іске полиция араласты. Енді 32 жыл ұстаздық еткен математика пәнінің мұғалімі жарты миллионнан астам айыппұл ғана төлеп қоймай, 3 жылға дейін жұмысынан қуылуы да мүмкін. Жүйкесі жұқарған мұғалім тіпті түсіру тобына да жұдырық ала жүгіріпті.

Шымкент қаласындағы №24-ші мектептің математика пәні мұғалімі Еңбекші қазақ аудандық полиция бөлімінде түсініктеме жасады деп хабарлады inform.kz.

Оқушының ата-анасы мен оқушы мұғалім үстінен арыз жазбады, алайда ғаламторда жарияланған видеоға байланысты полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, бұл істі Шымкент ІІБ бастығы подполковник Данияр Мейірхан өз бақылауына алды.

Мұғалімнің үстінен 140-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол қомақты айыппұл төлеуі немесе 75 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін NUR.KZ мектептердің бірінде орын алған бұл оқиғаның видеонұсқасын жариялаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/811734-shymkentte-oqushyny-urghan-mughalimninh-u.html