RU

Алматылық тұрғындар жолсыздықтың зардабын тартуда

Алматының Ұлжан ықшам ауданында тұрғындар жолсыздықтың зардабын тартуда. Наразы тұрғындар жауын-шашын болса батпаққа, күн жылыса бұрқыраған шаңға айналатын көшелермен жүріп-тұру мүлдем қиын екендігін айтуда. Ал бес жыл бұрын елдімекенге жол төсеуді бастап, орта жолдан тоқтатқан әкімдік келер жылға құжат әзірлеп жатқанын айтады деп хабарлады 31 арна.

Алматының Алатау ауданы құрылғанына жеті жыл болса да, бірқатар әлеуметтік мәселелер шешемін таппай отыр. Құжат жүзінде ғана қалалықпыз, шынайы өмірде шалғай ауылдың күйін кешудеміз деген аудан тұрғындары жол азабы қажытқанын айтады.

"Такси ұстайын десек, такси келмейді бізге. Себебі жол жоқ. Скорый шақырсақ, кейде жаңбыр жауғанда скорый да кешігіп келеді. Кейбір келіншектер, кім екенін атын ұмытып қалдым, 1-2 келіншек үйінде туып қалған", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Рыскүл Тұрысбекова.

Алматының Ұлжан-2 ықшам ауданындағы ұзындығы 3,5 шықырым болатын негізгі көшенің 1,5 шақырымына асфальт жол төселіп, дәл осы жерден тоқтап қалған. Оның өзі осыдан бес жыл бұрын. Содан бері мұндағы тұрғындар жолсыздықтың зардабын тартып, әкімдіктің уәдесін медет тұтып келеді.

"Жолды түзейміз деп айтқанына ол кісілердің ұзақ уақыт болды. Не жетіспей жатқанын түсінбеймін. Үкіметтен айтып жатыр қалаға бөлінді, шықты, салып береміз деп", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Нұрғиса Айғасқаев.

Ал әкімдік өкілдері бес жыл бұрын жол жөндеу жұмыстарының үзілгенін су құбырын жүргізумен байланыстырды. Айтуларынша, прокуратура тарапынан шектеу болған. Келер жылы Ұлжан тұрғындарының табаны асфальт жолға тию мүмкін екен.

"Осы жылдың, ағымдағы жылдың желтоқсан айында жобалау жұмыстары аяқталады. Келесі жылы орталық кәріз жүйесін жүргіземіз. Содан кейін барып жол құрылысы қолға алынады", - деп сендірді Алатау аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мұқан Алмасаев.

Әкімдік ауданның инфрақұрылымын қалаға сай жасауға кірістік дейді. Алайда тұрғындар бұл да бес жылдан бергі үйреншікті уәденің бірі болмаса екен деп тілейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/811778-almatylyq-turghyndar-zholsyzdyqtynh-za.html