RU

Құлсарыда мүгедек қыз жаңа туған сәбиін дәретхананың шұңқырына тастап жіберді

Атырау облысында жантүршігерлік жағдай болды. Ана жаңа туған сәбиін көшедегі үйлердің бірінің ауласындағы дәретхана шұңқырына тастап кетті.

7 шілдеде сағат 13-те Жылыой АІІБ-не «жедел жәрдем» фельдшерінен Құлсары қаласында 5-ауылдағы үйлердің бірінің ауласындағы дәретхана шұңқырынан жаңа туған сәби табылғаны туралы телефон хабарламасы түскен деп жазды Ақжайық.

ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарованың айтуынша, тергеу-жедел бригадасы оқиға орнына барған кезде, ол жерде адамдар көп жиналып қалған, бірақ ешкімнің әлдебір әрекет жасауға батылы бармай тұр екен. Жаңа туған сәби тірі, кіндігі кесілмеген күйі шұңқырда жатқан.

Полицейлер дәретхананың дуалын бүйірлете құлатып, содан соң полиция қызметкері Амангелді Мұқашев шұңқырға түсіп, жаңа туған сәбиді шығарып, медиктер қолына табыстады.

Сәби (ұл бала) перзентханаға жеткізілді, қазір жағдайы тұрақты. Полицейлер сәби анасының Құлсары қаласының 22 жастағы тұрғыны, 2-топ мүгедегі екенін анықтады. Оқиға барысы анықталуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/812305-qulsaryda-mugedek-qyz-zhanha-tughan-sabi.html