RU

Депутат Ертаев банкир Жомарт Ертаевқа еш қатысы жоқ екенін айтты

8 шілдеде жазғы демалыстарын асыға күтіп жүрген мәжіліс бірден 12 заңды бекітіп берді. Отырыстан кейін мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев банкир Жомарт Ертаевқа еш қатысы жоқ екенін айтты деп хабарлады КТК арнасы.

Каникулға шығуға әлі 1 отырыс қалғанын ескерсек, депутаттардың жанталасуы бекер емес. Мүгедектердің тұрмысын жақсартатын жобаны бірауыздан қолдаған халық қалаулылары, атқамінерлерге этиканы үйретіп жеке өмірі жайлы да айтып салды.

8 шілдеде бекітілген 12 құжаттың ең маңыздысы - еліміздегі жарты миллионнан астам мүгедекті жарылқайтын заң. Кембағал жандардың тұрмысын түзеуіне бюджеттен 10 миллиард теңге бөлініп қойған.

"Тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге берілетін пәтер 2-ші қабаттан жоғары болмау, басқа тұрғын үй берместен 3-ші топ мүгедектерін қызметтік тұрғын үйден шығаруға жол бермеу, мүгедегі бар отбасылардағы жалғыз ер баланы, әскерге шақыруды кейінге қалдыру", - деп тізбектеді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Осындай әлеуметтік жеңілдіктерден бөлек, арбаға таңылғандардың ем алуына жағдай жасап, ескірген аппаратарын ауыстырып береді. Сонымен қатар үй, сауда нысандары мен жол саларда пандусты ұмытқандарға ірі көлемде айыппұл салынбақ.

Бір қызығы басқасын айтпағанда, Есілдің сол жағалауындағы әкімшілік ғимараттардың көбінде пандусы оңып тұрған жоқ. Ал кейбір депутатты мүгедектердің күйінен бұрын, Қазақстанның шетелдегі имиджі толғандырып отыр. Сондықтан елімізді кеңірек жарнамалау үшін әлемге ағылшын тілінде BBC, CNN cекілді хабар тарататын арна, газет пен сайт ашуды ұсынды.

"Көкшетаудың арасында турист баратын қандай жерлер бар солардың бәрін ашып көрсетуміз керек. Ақша келеді бізге қайтып имиджден. Имидждік бағдарлама жасау керек. Имиджге де ақша бөлінеді ғой", - дейді Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев.

Отанның абыройынан бөлек, бүгін депутаттар жеке өмірі туралы да ашып айтты. Себебі "Альянс банктен" ақша жеді деп шатылып жатқан Жомарт Ертаев депутаттың ұлы екен деген қауесет Бақытжан Ертаевтың әбден жүйкесін жұқартыпты.

"Жұрт түнімен хабарласып жатыр. Сенің балаң ба дейді? Жомартты көрдім. Бірақ  менің балам емес. Шешесін де көрген емеспін. Бір купеде жүрген емеспін. Пойызда. Бір жағынан марқұм балама ұқсайды ол. Бір көргенде балам деп қалдым. Түрі ұқсайды екен", - деп ағынан жарылды мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев.

Жеке өмірі туралы ағынан жарылған генерал Ертаев мәжілісте Бас прокурордың орынбасары Жақып Асановтың шаңын қақты. Бұған шенді прокурордың төменгі палатаға қызметтік формасыз келуі себеп.

Генерал-лейтенант сын айтқасын, Бас прокурордың орынбасары жауап қайтара алмады. Әскери тәртіп бойынша солай болуы тиіс те. Ал ашуға мінген Ертаев бұдан былай әскери форма кимеген күш құрылымдарының басшыларын мәжіліске мүлдем кіргізбеуді ұсынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/812847-deputat-ertaev-bankir-zhomart-ertaevq.html