RU

Ақтөбеде әйел біреудің босағасында он жыл құлдықта болған

Ақтөбеде біреудің босағасында он жыл құлдықта болып, өз туыстары үшін өлі саналған әйел әділдікке қол жеткізгісі келеді деп хабарлайды 31 арна.

Айбарша Қазбаева өзін еркінен тыс, бір тиын төлемей жұмысқа салып қойған Әйтеке би ауданындағы шаруа қожалығы басшыларының жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Бес ай бұрын ғана басына бостандық тиген ол енді ес жинап, қорғаушы алып, күресе бастаған.

Отыз төрт жасында базардан кездескен адамға сеніп, екі айға жұмыс жасаймын деп Әйтеке би ауданындағы шаруа қожалығына еріп кеткен Айбарша Қазбаева отбасына араға он жыл салып оралып отыр. Осы күнге дейін оны туыстары іздеу салып, таба алмай өлдіге санаған. Ал  өзі осы жылдар бойы құлдықта болдым дейді.

"Адам баласы түсінбейді. Өмірімнің қандай болғанын сендіре алмай отырмын. Отбасыма келіп қызымды көргенде жүрегім тоқтап қала жаздады. Бауырларымды, қызымды көргенде мені барлығы танымай қалды", - дейді тұрғын Айбарша Қазбаева.

Сол кезде оның барлық құжаттары мен жолдасы кішкентай қызымен қалада қалған. Өзі сол шаруа қожалығында барлық ауыр жұмысты жасағанын айтады. Қожайындары қаражат бермейтінін біліп,  төрт рет қашқанын да қайтып әкелген. Мұны көрген куәгерлер де бар екен.

"Сол уақытта ұрып соғып апарды. Пісірген нанын бетіне лақтырып, бақырашпен ұрады. Марат деген қожайыны "сенің сұрауың жоқ" деп, төсінен ұратын", - дейді куәгер Хайдар Айтқұлов.

Бұл қорлықты көрген Хайдар Айбарша апайдың туыстарын тауып алып, хабар беріпті. Олар полицияға шағымданған. Бірақ осы іс бойынша Айбарша Қазбаеваның шағымы жоқ деген желеумен қылмыстық іс қозғалмапты.

Қазіргі кезде әділдік іздеген Айбарша Қазбаева адам құқықтарын қорғайтын үкіметтік емес  ұйымдарға, бас прокуратура, президент әкімшілігіне, және тағы басқа да барлық жерге арызданған.

"Шағымда Әйтеке биде біраз жыл ұстауда болған Айбарша Қазбаеваның сұрағы көтерілген. Бүгінгі таңда бұл факт бойынша қылмыстық іске сұрау салынды. Қабылданған шешім  заңдылығы тексерілуде. Қылмыстық істі қысқарту туралы шешіммен келіспеген жағдайда іс қайта тергеледі", - дейді Ақтөбе облысы прокуратурасының аппарат басшысы Жасұлан Дәулембаев.

Әбден өмірден жасып қалған әйел тек өз отбасынан қолдау тауып, кінәлілер жазалануын талап етуде. Ең бастысы мұңдайды енді ешкім көрмесе екен дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/812967-aqtobede-ayel-bireudinh-bosaghasynda-o.html