RU

Алматыда құлағы туа бітті бітеліп қалған бүлдіршіннің ата-анасы халықтан көмек сұрады

Алматылық екі жасар Зере сирек кездесетін сырқатқа ұшырап, оның дертіне дауа мұхиттың арғы жағынан табылыпты деп хабарлайды 31 арна.

Екі құлағы да туа бітті бітеліп, есту қабілетіне қауіп төніп тұр. Шарқ ұрып ем іздеген Зеренің ата-анасы америкалық дәрігерлерден ғана көмек болатынын жақында білді. Алайда қымбат ота жасатуға отбасының қалтасы көтермегендіктен, көпшіліктен көмек сұрайды.

Зере - ата-анасының тұңғышы, отбасының көз қуанышы. Қатарынан зерек, өмірге құштар бүлдіршінге өте сирек кездесетін кесел жабысыпты.

Күн санап өсіп келе жатқан сәбиді тезірек емдеп, қажетті отаны жасамаса, баланың болашақ өміріне қауіп төніп тұр. Ал АҚШ-тың Калифорния штатындағы дәрігерлер емнің құны 164 600 доллар екенін айтқан. Бұл жолақы мен жатар орынды есептемегендегі қаржы көлемі.

"Бұндай соманы бізге қысқа уақытта жинау қиын. Сондықтан қазақстандықтардан, барша мұсылман жұрттан, қайырымды жандардан көмек сұрауға тура келіп тұр біздің жанұямызға", - дейді Зеренің анасы Гүлзия Досманова.

Зеренің сырқатын ең әуелі байқап, өз бақылауларына алған отандық дәрігерлер емнің дауасын табуға тек шетелдік медицина қауқарлы деп кесіп айтқан. Сәуір айынан бастап көптің көмегіне жүгінген отбасы жыл соңына дейін аталған қаражатты жинауы тиіс. Ал дәрігерлер шетелдік отадан кейін бейімдеу шараларын өз қолымызға аламыз дейді.

"Әрине, бұл жағдайда балаға тезірек ота жасату керек. Артынша бейімдеу шараларын қолға алу қажет. Себебі уақыт өтіп кетсе, Зере өз қатарларынан қалып қоюы және құлақ ішінде өскен ет өзге де қатерлі ауруларға ұшыратуы мүмкін. Бұл, расыменде, сирек кездесетін сырқат", - деді оториноларинголог-сурдолог дәрігер Манара Крымова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/813028-almatyda-qulaghy-tua-bitti-bitelip-qal.html