RU

Шетелдіктерге Шарын, Алакөл мен Үлкен Алматы көліне кіруге тыйым салынды

Шетелдік саяхатшыларға ең танымал туристік бағыттар жабылды. Олар бұл бағыттар бойынша саяхаттау үшін арнайы кіру қағазын алуы тиіс.

Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасап NUR.KZ хабарлады.

Шекара маңындағы аймақтар тізіміне оннан астам шипажай орындары кірген. Олардың арасында әлемдік танымалдылыққа ие Шарын, Үлкен Алматы көлі мен Алакөл бар.

Шетелдіктер  үшін бұл жаңа ережені билік өткен жылда бекітіп қойған болатын. Мұндай шектеулер Қазақстан азаматтарына қойылмаған. Олар туристік аймаққа жеке куәлігімен келсе жеткілікті.

Бүгін Қазақстан туристік қауымдастығы биліктен аталмыш шектеуді жойып, шетелдіктерге қорықтар мен ұлттық саябақтарға еркін кіру мүмкіндігін сұрайтын хат жолдады. Мамандар бұл шектеуден бірінші кезекте туроператорлар зардап шегіп жатқанын алға тартуда.

"Бізге нақты айтатындары сол: "Рашида Рашидовна, біз бұған келісе алмаймыз. Ол Шарынға барғысы келеді. Оған кіруіне рұқсат керек!", - деп шығады. Алайда ол шетелдік болғасын ертеңге кіру қағазын әкеліп бере алмайтынымызды түсінбейді. Мұнымен қоса Алматыда он күн рұқсатты күтіп жатпайды. Ешкімнің күтуге зауқы жоқ, түсінесіз бе? Ол күтпей кетіп қалады", — дейді Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда шетелдік туристер үшін шекара маңы аймақтарындағы шектеу әруақытта да болған. Яғни, түрлі туристтік бағдарламалар арқылы елімізге келген шетелдіктер шекара маңы аймақтарына өту үшін Ішкі істер мининстрлігі, Шекара қызметі арқылы арнайы рұқсат қағазын алған.

«Яғни, бұл режім баяғыдан бері бар. Ал бүгінгі күні туындап отырған проблема шекара маңы аймақтарының кеңеюінен туындады. Өткен жылғы Үкіметтің «Шекаралық карантиндік аймақ туралы» қаулысына сәйкес, Ресеймен, Орталық Азияның көрші елдерімен шекара маңы аймақтары 25 шақырымға кеңейтілді. Ал Қытайға байланысты жайт сәл қиындау. Ол жақта буферлік аймақ ретінде территориялық әкімшілік бірлік алынған», - деді ол.

Оның атап өтуінше, аталған режім аймақтарына кіруге ниет еткен шетелдік туристер жеті күн бұрын Ішкі істер министрлігіне өтініш беріп, арнайы рұқсат алуы тиіс.

«Іс жүзінде бұл шешілетін мәселе, тығырыққа тірелу емес. Дегенмен, бұл ыңғайсыздық туындатады», - деді Дүйсенғалиев Қазақпарат агенттігіне.

Оның сөзіне қарағанда, аталған мәселе туындаған сәттен бастап оны шешу жолдары қарастырылып, арнайы құжат әзірленген.

"Ағымдағы жылдың 15 маусымында ІІМ, ҰҚК, әкімдіктер, Қазақстан туристер қауымдастығы және барлық қоғамдық ұйымдарды қоса алғанда құжат келісілді. Қазіргі уақытта ол Премьер-Министр кеңсесінде келісілу үшін жатыр. Шешілуі тиіс қандай да бір ескертулер, мәселелер туындауы мүмкін. Бірақ, жағдайды түсіне отырып, біз 1-1,5 айдың ішінде бұл мәселе шешіледі деп отырмыз. Қаулы аталған туристік аймақтардың арнайы рұқсатсыз әдеттегідей режімде жұмыс істеуі үшін қажетті түрде шығады", -  деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/813535-sheteldikterge-sharyn-alakol-men-ulken.html