RU

Қытайлық жұмысшы тамақтың аздығынан ШҚО-да асхана қызметкеріне бас салған

Шығыс Қазақстан облысының Ақтоғай кен орнында "Қазақмыс" компаниясының қызметкерлерінің жаппай төбелесіне тамақтың аздығы мен сапасы себеп болған. Тамаққа көңілі толмаған қытайлық жұмысшылар асхана қызметкеріне тап берген.

Бұл туралы ШҚО-ның ақпараттық орталығынан NUR.KZ-ке хабарланды.

"Оқиға ҚХР-дың азаматтары болып табылатын жұмысшылардың тамақтың сапасы мен мөлшеріне көңілдері толмағандықтан басталған. Жұмысшылар тамақ мөлшерін көбейтуді сұрап, асхана қызметкерінің бас тартқанына наразылық танытқан. Олар өздерінің жерлестері болып табылатын прорабтың ескертуіне де құлақ аспаған. Нәтижесінде жұмысшылар оқиға орнына келіп жеткен күзетшілерге қарсы күш қолданып, арты жаппай төбелеске айналған", - делінген ақпаратта.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов, прокурор мен Ішкі істер департаментінің басшысы қазір оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Әкімнің тапсырмасы бойынша, оқиғаны зерттеу үшін арнайы комиссия құрылды. Ал кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлағандай, кен орны қазір қалпынша жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ тамақтану нүктелеріндегі астың сапасына тексеріс тағайындалды. Жұмысшылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оқиғаның салдары бақылауға алынды.

Еске сала кетсек, 8 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы “Қазақмыс” корпорациясында жаппай төбелес орын алды. Ақтоғай кенті полиция бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына келген соң, төбелес тоқтатылды.

Салдарынан  тау-кен байыту комбинатының 31 жұмысшысы, соның ішінде бір күзетші зардап шекті.  21 адам – ҚХР мен Қазақстан азаматтары  Аягөз және Өскемен қалаларының  медициналық мекемелеріне жеткізілді.

Тау-кен байыту комбинатында жұмысшылар арасында болған жаппай төбелеске байланысты Қазақстан үкіметінде шұғыл жиын өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/813720-qytaylyq-zhumysshy-tamaqtynh-azdyghynan.html