RU

ЕАЭО-дан көлік әкелетін заңды тұлғалар лицензия алуға міндеттелді

Инвестиция және даму министрінің Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен автокөліктер жеткізумен айналысатын ресми дилерлерді лицензия алуға міндеттейтін бұйрығы күшіне енді.

"Бұл бұйрық Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан көліктерді жеткізуді лицензиялауды регламенттейді. Басқа елдерден келетін импортқа қатысы жоқ. Бұл бұйрық жүк және жеңіл көліктерге, автобустарға қатысты", - деп хабарлады баспасөз мәслихатында Инвестиция және даму министрлігі машина жасау басқармасының жетекшісі Серік Рақымов.

Оның атап өтуінше, бұл тәртіп заңды тұлғаларға ғана қатысты, яғни жеке тұлғалар коммерциялық мақсатта емес, өз қажеттілігі үшін көлік сатып алғысы келсе, ешқандай шектеу қойылмайды.

"Бұл бұйрықтың тұтынушыларға еш ықпалы жоқ, азаматтардың ішкі нарықта өзі қалайтын көлікті кез-келген уақытта сатып алу мүмкіндігі болады. Лицензияларды беру ертеңнен басталады. Лицензиялар өндірушімен дистрибьютерлік келісімі бар ресми дилерлерге беріледі. Тек осындай көліктер ғана есепке алынады", - деді Рақымов.

Лицензияны Инвестиция және даму министрлігінің индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті тегін береді. Автодилерлердің өтініші он бес күн ішінде қарастырылады.

Мамандардың сөзінше, мұндай тәртіптің енгізілуі автокөліктерді импорттауды реттеу, импорттаушылар мен сатушылардың жеткізген көліктерді сатудағы жауапкершілігін күшейту қажеттігінен туындаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/813880-eaeo-dan-kolik-akeletin-zanhdy-tulghala.html