RU

«Қорғастан» саудагерлер өткізген тауардың көлемі Ерғожинді шошытты

Атышулы «Қорғас» бекетін майшелпекке айналдырған ұйымдасқан контрабандалық топтың қулығы әшкереленді деп хабарлайды КТК арнасы.

Пайданы көздегендер Қытайдан алынған сөмке-сөмке толы тауарларды жеке заты ретінде көрсетіп, шекарадан өткізіп берумен айналысыпты. Бюджетке түсуі тиіс ақша сөйтіп пысықайлардың қалтасына кеткен.

Осы даудан соң Қаржы министрлігі мамыр айында халық жиі тұтынатын тауарларға салық салу туралы жаңа ережені бекіткен болатын. Бұған дейін жұрт Қытайдан сатып алған ұсақ-түйегін шекарадан тегін өткізетін.

Осыны пайдаланғандар тауарды сөмкемен емес, тіпті бірнеше жүк көліктерімен алып өтетінді шығарыпты. Шенеуніктердің кеденнен өтетін тауардың барлық түріне салық салуы саудагерлерге жақпай шу шығарған есте.

Алайда, атқамінерлер шектеу енгізілгелі бюджетке аударылған түсім артты деп отыр. Ал саудагерлерге бизнесін әділ жүргізуге кеңес беріп отыр.

"Сол сөмкелерді өткізіп беретіндердің жолын кестік. Шекарадан ішіктен бастап люстраға дейін өткізіп жатыр. Ал құжатқа жеке қажеттілік үшін деп көрсетеді. Алайда, оны сатуға әкеле жатқанын білеміз. Сондықтан кәсіппен айналысқысы келетіндер тіркеуге тұрып салық төлеуі тиіс", - дейді Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/814112-qorghastan-saudagerlerdinh-otkizgen.html