RU

Қарағандыда тағы бір ірі туристік компания банкротқа ұшырады

9 шілде күні "Фараон" туристік фирмасы банкротқа ұшырағанын жария етті. Компания кеңсесі таңнан бері жабық тұр, ал басшысы болса ізін жасырмақ болған жерде құрықталды деп хабарлайды BNews.kz.

Бұл туралы Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының директоры Әсел Нүркебаева мәлім етті.

Қауымдастықтан мәлімдегендей, 9 шілде күні жер сипап қалған туристер құқық қорғау органдары мен қауымдастыққа арыз-шағыммен жүгіне бастаған. Тәртіп сақшылары дәл сол күні-ақ "Фараон" турфирмасы басшысының ізіне түсті.

Компания кеңсесі таңертеңнен бері жабық болған, ал жолдамасын қолына ұстаған жүздеген турист демалатын елдеріне ұшып шыға алмай әлекке түсті. Кешке қарай "Фараон" басшысы полицейлердің қолына түсіп, Қарағанды облысы ІІД-де түсініктеме берді.

"Фараон" турфирмасының директорынан кеше құқық қорғау органдарының қызметкерлері жауап алды. Менің білуімше, ол барлық туристің ақшасын қайтаратыны туралы қолхат жазған. Агенттік басшысы ұсталғанымен, үш сағат өткеннен кейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілді", -дейді Әсел Нүркебаева.

Алдын ала есептеу бойынша келген шығын көлемі 100 мың долларға жуықтап отыр. Бес жыл ішінде туристер арасында ең арзан туроператор ретінде танылған фирмаға жүгінетін халық қарасы да өзге агенттіктермен салыстырғанда әлдеқайда көп.

"Баға үнемі төмен болатын. 6 мың доллар тұратын барлық жолдама "Фараонда" 3 мың долларға сатылып келді. Қазір біз Ішкі істер департаменті және прокуратурамен бірлесіп, тақырға отырған фирманың туристерінен түсіп жатқан арыз-шағымдарды қабылдап жатырмыз. Біздің ойлағанымыз – туристердің қамы. Бұл фирма туристік агенттіктер қауымдастығына кірмеген. Бізге тек жеке тұлғалар ғана жүгінуде", - деп нақтылады Нүркебаева.

Туристік нарық мамандарының сөзіне сенсек, бағаны барынша төмендететін компанияның пайда табуы мүмкін емес, керісінше шығынға батады.

"Тегін ештеңе де болмайды, люкс санатындағы қонақ үйде 3 мың долларға тұру мүмкін емес. Қарағандыдағы аталған фирма нарықтағы бәсекені бұзып, өзге агенттіктердің аяғына тұсау салып отырғанын талай рет айтып, дабыл қаққанбыз. Енді осы агенттіктің жолдамасымен шетелде демалып жатқан туристердің елге оралуы да қиындауы мүмкін", - дейді Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының директоры.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/814459-qaraghandyda-faraon-turfirmasy-bankr.html