RU

Қазақстанның Бас прокуратурасы Вена соты қабылдаған шешімге келіспейтінін білдірді

Венаның (Австрия) Қылмыстық істер жөніндегі жер соты Қазақстан азаматтары Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякке қатысты қылмыстық істің бірінші сатысын қарауды аяқтады. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Нақты айтқанда, осы сот процесінің шеңберінде көрсетілген тұлғалар Қазақстанның аумағында 2007 жылы «Нұрбанк» АҚ-ның жекелеген лауазымды тұлғаларын ұрлаған және өлтірген деп айыпталған.

Қолда бар ақпаратқа сай алқабилер Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты өлтірді деген айыптау бойынша Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякті ақтаған. Сондай-ақ, олар Айбар Хасеновті ұрлаған деген айып бойынша Вадим Кошлякты ақтап шығып, ал Жолдас Темірәлиевтің ұрлануына оны кінәлі деп таныды.

Алқабилердің кесімін ескере отырып, сот Вадим Кошлякқа 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, оның 16 айы шартты түрде. Жоғарыда тізілген айыптаулар Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякқа Вена қаласының прокуратурасы жүргізген тергеу нәтижелері бойынша тағылған.

Тергеу барысында Вена қаласының прокуратурасы Қазақстанның Бас прокуратурасына құқықтық көмек көрсету туралы бірнеше рет сұрау салғанын атап өткен жөн. Қазақстандық тарап толық көлемде құқықтық көмек көрсеткен болатын. Яғни, үлкен ауқымда  құжаттар ұсынылды, бірқатар заттай айғақтар берілді, Қазақстандағы куәларды жауапқа тарту мүмкіндігі жасалды.

Жүргізілген тергеу нәтижелері бойынша Вена қаласы прокуратурасының қорытындысы қазақстандық тергеушілердің тұжырымдарына ұқсас болып шықты. Осыған байланысты, Қазақстанның Бас прокуратурасы Вена қаласы прокуратурасының ұстанымын қолдайды және онымен осы іс бойынша тағылған айыптаулар негізді және жеткілікті дәлелді базамен қуатталады деп есептейді.

Заңды күшіне енген Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының 2008 жылғы 15 қаңтардағы үкімімен Әлнұр Мұсаев Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің ұрлануына кінәлі деп танылып, оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын естеріңізге саламыз.

Осы үкіммен Вадим Кошляк Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің ұрлануына, қорқытуға және мүліктің ұрлануына кінәлі деп танылып, осының негізінде оған 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚІЖК-нің 127-бабының 1-бөлігіне сәйкес соттың қылмыстық iс бойынша заңды күшiне енген үкімі анықталған мән-жайларға да, олардың құқықтық бағалануына қатысты да барлық мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi.

Бұл ретте Қазақстанның құқық қорғау органдары Әлнұр Мұсаевты да, Вадим Кошлякты да Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өлтірілуі бойынша да айыптады, алайда тиісті қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған жоқ. Қылмыстық іс 2011 жылы жәбірленушілердің денелері табылғаннан кейін қозғалып, айыпталушылардың Қазақстанның тыс жерде болуына байланысты тоқтата тұрылған болатын.

Осылайша, Венаның Қылмыстық істер жөніндегі жер соты қабылдаған шешімге қарамастан, Қазақстанның Бас прокуратурасы Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошляк Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновке қатысты қылмысты жасады және жасалған іс-әрекеттің ауырлығына сәйкес қылмыстық жазаға ұшыраулары тиіс деп қарауын жалғастырады. Мазмұндалғанның негізінде Бас прокуратура Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякқа қарсы тағылған айыптар бойынша Венаның Қылмыстық істер жөніндегі жер соты қабылдаған шешімге келіспеушілігін білдіреді.

Сонымен қатар,  Бас прокуратурасы Қазақстан соттары тағайындаған жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету бойынша шаралар алдағы уақытта да толық көлемде және Қазақстанның қылмыстық-процестік заңнамасы мен халықаралық құқық нормаларына қатаң сәйкес қолданылатынын мәлімдейді.

Бұдан басқа, жоғарыда айтылған Венаның Қылмыстық істер жөніндегі жер соты қабылдаған шешім жарияланғаннан кейін оған дереу Вена қаласының прокуратурасы және жәбірленушілердің адвокаттары шағым келтіргенін хабарлаймыз.

Осы сот актісі заңды күшіне енбегендігін, сондай-ақ істі қарау кезінде төрағалық етуші судья А. Бем ағаттыққа және өрескел процестік бұзушылықтарға жол бергендігін назарға ала отырып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Австрия Республикасының жоғары тұрған сот сатыларымен заңды, негізді және әділ үкім қаулы етілетіндігіне сенімін білдіреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/815551-venada-alievtinh-isine-qatysty-ayypty.html