RU

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар негізінен аймақтық меморгандарда және ұлттық компанияларда орын алды.

6 шілдеде ШҚО әкімінің өкімімен Сембинов Ержан Алтайұлы Ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды. ШҚО туризм және сыртқы байланыс басқармасын басқарған жаңа басшыны облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар басқарма ұжымына таныстырды.

Ержан Сембинов ШҚО Ұлан ауданының тумасы. Экономист, құқықтану мамандықтары бойынша Орталық-Азиялық университетті аяқтаған.

Еңбек жолын 1990 жылы Ярославский кеңшарында жұмысшы болып бастаған. 1991-1993 жылдары әскери қызметте болды.

7 шілде күні Бас прокурор Асхат Дауылбаевтің бұйрығымен Бас көлік прокурорының ұсынысы бойынша Бас көлік прокурорының орынбасары болып Жанысова Ләззат Бақтыбайқызы тағайындалды.

Жанысова 1968 жылы Қызылорда облысында туған, прокуратура органдарында жұмыс тәжірибесі мол.

Еңбек жолын прокуратура органдарында 1990 жылы Шу көлік прокуратурасының тағылымгері ретінде бастаған. Одан соң Жетісу көлік прокуратурасының көмекшісі, аға көмекшісі, Алматы авиациялық көлік прокуратурасының аға көмекшісі қызметтерін атқарған.

7 шілде күні Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың бұйрығымен Бас көлік прокурорының ұсынысы бойынша Көкшетау көлік прокуроры болып Қожахметов Расул Сәбитұлы тағайындалды.

Қожахметов 1979 жылы Жезқазған қаласында туған, Ақмола көлік прокурорының көмекшісі, Ақмола облысы бойынша тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау бойынша аға прокурор, прокурор, Орталық аймақтық көлік прокуратурасының тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау бойынша прокурордың аға көмекшісі, бөлім бастығы, Бас көлік прокурорының аға көмекшісі және қылмыстық істер бойынша мемлекеттің мүддесін білдіру және сот актілерінің заңдылығын қадағалау бойынша БКП басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ, Мейірбек Мәжитов Астана кәсіпкерлер палатасы басшысының қызметінен кетіп, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасын басқаратын болды.

Елімізге белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы болып тағайындалды.

Бекарыс Шойбеков 1976 жылы Отырар ауданында туған, Қожа Ахмет Иасауи атындағы қазақ-түрік университетін қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі мамандығы бойынша 1997 жылы тәмамдаған. Осы университеттің магистратурасын (1999), аспирантурасын (2002) бітірген.

Әр жылдары қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі, Түркістан қалалық дарынды балаларға арналаған "Өнер" мектебінің директоры. Қ.А. Йасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, Халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы. 2015 жылдан бастап осы уақытқа дейін Шымкент қаласындағы облыстық "Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр" орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарып келген.

Александр Владимирович Аксютиц «Білім және Мәдениет» арнасының директоры болып тағайындалды.

Еске сала кетейік, Александр Аксютиц 24.kz телеарнасы құрылған күннен бастап, биылғы жылдың ақпанына дейін осы арнаның басшысы болған еді.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасы отырысының нәтижесі бойынша құрам мен өкілеттік мерзімі айқындалып, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы мен мүшелері сайланды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Сағынтаев Бақытжан Әбдірұлы «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен жалғыз акционерінің өкілі ретінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесі төрағасы болып сайланды.

Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесінің құрамына кіргендер: жалғыз акционер өкілі, «Самұрық-Қазына» АҚ активтерді басқару жөніндегі бас директор - Бектеміров Қуаныш Әбдіғалиев; жалғыз акционер өкілі, «Тау-кен Самұрық» АҚ басқармасының төрағасы - Тұрмағамбетов Мәжит Әбдіхалықұлы; тәуелсіз директор - Арсланова Зарина Фуатқызы; «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы - Жұмағалиев Асқар Қуанышұлы.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі - бір жыл.

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың өкімімен Ақтау, Жаңаөзен қалаларының және Мұнайлы ауданының жаңа әкімдері тағайындалды.

Нақтырақ айтқанда, Қазақстан республикасы президенті әкімшілігі мен Ақтау қалалық мәслихат депутаттарының келісіміне және Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың өкіміне сәйкес Ақтау қаласының әкімі болып Трұмов Серікбай Өтелгенұлы тағайындалды.

Трұмов Серікбай Өтелгенұлы 1964 жылы 3 маусым күні туылған.

Жоғары білімді. 1992 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-құрылыс мамандығы бойынша аяқтаған.

Жергілікті атқарушы органдарындағы жұмыс тәжірибесі мол. Соңғы үш жылда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әкімі қызметінде болды.

Қазақстан республикасы президенті әкімшілігі мен Жаңаөзен қалалық мәслихат депутаттарының келісіміне және Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың өкіміне сәйкес Жаңаөзен қаласының әкімі болып Әбілов Елубай Жақайұлы тағайындалды.

Әбілов Елубай Жақайұлы 1962 жылдың 19 тамызы күні дүниеге келген.

Жоғары білімді. 1985 жылы Калинин атындағы Түркмен ауылшаруашылық институтын жеміс-көкөніс пен жүзім өсіру мамандығы бойынша аяқтаған.

Жергілікті атқарушы органдарындағы жұмыс тәжірибесі мол. Соңғы қызметі - Мұнайлы ауданының әкімі.

Қазақстан республикасы президенті әкімшілігімен Мұнайлы аудандық мәслихат депутаттарының келісіміне және Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың өкіміне сәйкес Мұнайлы ауданының әкімі болып Тәжібаев Нұрлан Төлегенұлы тағайындалды.

Жергілікті атқарушы органдарындағы жұмыс тәжірибесі мол. Соңғы қызметі - Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/815928-qazaqstandaghy-zhanha-kadrlyq-taghayynd-8.html