RU

Қарағандылық "Фараон" турфирмасы зардап шеккен туристердің ақшасын қайтарады

Қарағандыдағы "Фараон" туристік компаниясы зардап шеккен барлық тұтынушыларға ақшаны қайтарады деп мәлімдеді компания заңгері Айдос Қожахмет Астана арнасына.

"Бірақ ол үшін уақыт қажет. Қамауға алынған компания директорының достары мен жақындары жеке мүлкін сатып, тұтынушылардың ақшасын қайтармақшы",- деді заңгер.

"Бізді серіктестеріміз жарға жығып кетті. Тергеу енді ақ-қарасын анықтауда. Мен біздің тұтынушыларымыздың барлығына мынаны айтқым келеді. Егер де қолдарыңызда ақшаны төлегендігіңіз туралы түбіртек болса, 2 ай ішінде толығымен кейін қайтарамыз", - деп сендірді «Фараон» туристік компаниясының заңгері Айдос Қожахмет.

Бірнеше күннен бері «Фараон» компаниясының кеңсесінде айқай-шу. Тұтынушылар жоспарлы саяхат үшін жұмсаған  қаражаттарын қайтаруды талап етуде. Алдын ала есеп бойынша Түркия мен Қырғызстанның демалыс орындарына жолдама алған ондаған азамат сан соғып қалған.

Келген шығын шамамен $80 мыңды құрайды. Мекеме өкілдері Алматыдағы және Түркиядағы серіктестерін айыптап отыр. Жол пұлы мен қонақ үйдің қаражатын қалталарына басты дейді. Туристік компания қожайынын полиция құрықтады.

"Полицияға туристік фирманың директоры тарапынан жылы жаққа демалуға жолдама сатып, кейін жәбірленушілерді демалуға жібере алмай, алаяқтық жасады деген Қарағанды қаласының 23 тұрғыны шағымданды. Қазір турфирманың директоры ұсталып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде", - дейді Қарағанды облысы ІІД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Туристік агенттіктер ассоциациясының ақпартына сәйкес, аталмыш компанияның әрекетінен 100-ге жуық азамат зардап шеккен. Арызданушылар саны әлі де болса көбеюде.

Бірлестік өкілдері жеке тергеу жүргізіп, «Фараонның» туристік жолдаманы нарық бағасынан арзанға сатқанын анықтаған. Аталған қауымдастықтың Қарағандыдағы өкілі Елена Чернова «Фараонмен» жұмыс істейтін туристік компанияларды ақтап тұр.

"Бізде дәрменсіз боп қалған тек «Трэвел систем» компаниясы.  Ал «Трэвел системмен» «Фараон» жұмыс жасаған емес. Қарағандылық компания жауапсыздық танытты деуге болады", - дейді Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының өкілі

Елена Чернова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/815969-qaraghandylyq-faraon-turfirmasy-zard.html