RU

Икер Касильяс Мадридпен жылап қоштасты (видео)

Мадридтік «Реалдың» атақты қақпашысы Икер Касильяс командамен қоштасуға арналған баспасөз мәжілісінде эмоцияға ерік берді.

Касильястың «Реалмен» келісімшарты 2017 жылға дейін жасалған еді. Бірақ сенбі күні корольдік клуб қақпашының «Порту» сапына ауысатынын мәлімеді. Жексенбі күні «Сантьяго Бернабеуде» арнайы түрде баспасөз мәжілісі өтті.

"Бүгін мені қолдап келгендердің бәріне алғыс білдіремін. Мен атақты стадионмен және командамен қоштасқалы тұрмын. Мен «Портуға» екі себеппен бара жатырмын: бірінші олардың шақыруымен, екінші жаңа кубоктарға жеңіп алуға", – дейді қақпашы.

"Бүгін мен үшін өте ауыр күн. Өйткені, маған барлық мүмкіндікті сыйлаған клубпен қоштасқалы тұрмын. Клуб өсіп жетілуіме көмегін тигізді. Мен «Реал» жейдесін 9 жасымда кидім. Алғашқы арманым сол кезде орындалды. Бұл жерде жанкүйерлердің ыстық махаббаты мен қолдауын сездім. Қоштаспаймыз. Тағы да кездесетін боламыз. Мен ылғи бір сөзді қайталаймын. Тағы да «Алға Мадрид!»", – деді Икер Касильяс.

Айта кетейік, Икер Касильяс 1990–1998 жылдары «Реалдың» жасөспірімдер командасында ойнаған. Ал 1998 жылдан бері «корольдік» клубтың негізгі қақпашысы болды. Ол «Реал» сапында осы уақытқа дейін 725 матчқа қатысып, 750 гол жіберген. Чемпиондар лигасында үш рет, Испания чемпионатында бес рет, екі рет Испания кубогы мен УЕФА Суперкубогына және Испания Суперкубогына ие болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/816422-iker-kasiyals-madridpen-zhylap-qoshtas.html