RU

Жақсыбеков ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілерді тартуды басты міндет деп атады

13 шілде күні Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков кезекті аппарат отырысы барысында Елорда күніне орай өткізілген мерекелік іс-шаралардың қорытындысын шығарды деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкім Елорда күнін мерекелеуге атсалысқан барлық құрылымдардың жоғары деңгейлі және бірлескен жұмыстарына оң бағасын берді. Жалпы, Астана қаласында 80 мерекелік іс-шара өтіп, оған 700 мыңнан астам қонақ қатысты.

Мерекелік шаралар жөнінде баяндау үшін 700 астам отандық және шетелдік БАҚ өкілі аккредитацияланды. Биылғы шаралардың бір ерекшелігі - барлық аудандар мен тұрғын алаптарын қамту болды.

"Елорданың мерекелік безендірілуіне ерекше тоталып өтпекпін. Әлеуметтік желілерде тұрғындардың қаланың келбетіне оң бағасын бергенін байқауға болады. Түрлі мерекелік мүсіндердің жанында түскен суреттер жарияланып жатыр. "Ел жүрегі – Астана!", I Love Astana секілді бренд мүсіндер үлкен резонансқа ие болды", - деді әкім.

Сондай-ақ, жиналыс барысында елорданың дамуы үшін нәтижелі жұмыс пен табанды еңбек етіп жүрген ең үздік қалалық құрылымдар марапатталды.

Аудандар арасында "Есіл" ауданы топ жарды. "Үздік қалалық құрылым" аталымында Білім басқармасы, "Үздік аумақтық құрылым" ретінде Ішкі істер департаменті, "Үздік қалалық өнеркәсіп" ретінде "Елорда Даму" ЖШС танылды.

Өзге де өзекті мәселелер туралы айта келе, қала басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне туристер мен қонақтарды тарту жұмыстарына баса назар аударды, сонымен қатар, осы бағытта "ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы мен қалалық құрылымдар арасында тығыз қарым-қатынас орнатылуы керек екендігін айтты.

Әкім Қытай, Ресей секілді мемлекеттердің шекаралас қалаларымен өзара қарым-қатынасты жолға қоюды да сөз етті.

"Қазір біз үшін келушілерді тарту – басты міндетіміз. "Қалалар дипломатиясы" каналдарын тиімді пайдалану қажет, әсіресе, ТМД ірі қалалары мен елордалары Халықаралық Ассамблеясы желісі бойынша", - деді Жақсыбеков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/816907-zhaqsybekov-ekspo-2017-kormesine-kelushile.html